Жанарбек Әшімжан: Құрылтайдың басты міндеті – халық сенімін ақтау

Жанарбек Әшімжан: Құрылтайдың басты міндеті – халық сенімін ақтау
Фото: t.me/mazhilis_kz

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында айтқан пікірлеріне қатысты өз ойын білдірді. Ол Президенттің ел дамуының негізгі басымдықтарына қатысты сөздеріне тоқталды. Бұл туралы Жанарбек Әжімжан Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Жанарбек Әшімжан Құрылтай депутаттарының алдында заңнаманы жаңғыртумен қатар, қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру міндеті тұрғанын айтты.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, алдымызда заңнаманы заман талабына сай жаңғырту және қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру міндеті тұр. Депутаттар тек заң қабылдаумен шектелмей, қоғамдағы жаңа құндылықтар мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға да үлес қосуға тиіс. Президент айтқандай, «қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес». Сондықтан биліктің барлық тармағында кадрлық жаңғыруды жалғастырып, саясатқа жаңашыл ойлайтын, жасампаз әрі жауапкершілігі жоғары азаматтарды тарту — жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызды бағыты», – деп жазды депутат.

Сондай-ақ ол реформаларды соңына дейін жеткізудің маңызын атап өтті.

«Реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, болашақ ұрпақ бізді ешқашан кешірмейді», - деді Президент өз сөзінде. Президент сөзі баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтін, уақыттың талабын дәл аңғартатын маңызды үндеу. Осы орайда түрлі саланың тәжірибелі мамандары мен жаңа буын өкілдерінен құралған депутаттық корпус халықтың сенімін ақтап, ел игілігі жолында табанды еңбек етеді деп бек сеніммен айтуға болады», – деді ол.

Жанарбек Әшімжан жаңа Құрылтайды елдің бірлігі мен саяси кемелдігінің көрінісі ретінде бағалады.

«Жаңадан өз жұмысын бастаған Құрылтай – ортақ мақсатқа жұмылған елдің бірлігі мен саяси кемелдігінің көрінісі. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Ең бастысы халықтың сенімін ақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін адал әрі нәтижелі еңбек етуге бар күш-жігерімізді саламыз», – деп түйіндеді халық қалаулысы.