Кәсіби Парламентке сұраныс артты – Әлия Қанатова
ҚҚДИ-дың Деректер, цифрлық шешімдер және жасанды интеллект бөлімінің бас сарапшысы Әлия Қанатова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында сөйлеген сөзіне пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшы жаңа Құрылтайдың жұмысын ұлттық парламентаризмнің дамуындағы жаңа кезең ретінде бағалап, кәсіби заң шығарушы органға қойылатын талаптарға тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясында сөйлеген сөзін тыңдап, талдап шыққан соң, оны жай ғана салтанатты құттықтау емес, еліміздің даму бағытын айқындайтын түбегейлі мәні бар құжат деп бағалаймын. Президент сөзінде тарихи сабақтастық, кәсіби парламентаризм және технологиялық жаңғыру тақырыптары бір өзекке тоғысады.
Ұлттық парламентаризмнің дамуындағы жаңа кезең ретінде бір палаталы заң шығарушы орган Құрылтайдың жұмысқа кірісуін сапалы жаңа саты деп қараған жөн», – деді Әлия Қанатова.
Оның айтуынша, Құрылтайға берілген ауқымды өкілеттіктер заң шығарушы органның саяси жүйедегі салмағын арттырады. Бұл өз кезегінде депутаттардың кәсібилігіне қойылатын талапты күшейтеді.
«Президент атап өткендей, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға қатысты ауқымды құзырет берілді: Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға қатысу, республикалық бюджет есептерін бекіту, Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығы. Бұл заң шығарушы органның шынайы салмағын арттырады, ал салмақ артқан сайын оның сапаға, ашықтыққа және кәсібилікке деген жауапкершілігі де еселенеді», – деді сарапшы.
Әлия Қанатова сайлауға азаматтардың жоғары деңгейде қатысуы мен халықаралық байқаушылардың көптеп келуін де саяси жүйеге деген қоғамдық қызығушылықтың көрсеткіші ретінде атап өтті.
«Сайлауға азаматтардың 74 пайыздан астамы қатысуы, 800-ге жуық шетелдік байқаушының келуі – саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл – жүйенің легитимділігі мен қоғам сенімін нығайтатын базалық фактор», – деді ол.
Сарапшы қазіргі кезеңде кәсіби Парламент ұғымын тек заңнамалық біліммен шектеуге болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, технологиялық өзгерістер депутаттардан түрлі саланы тоғыстыра алатын жаңа құзыреттерді талап етеді.
«Қазіргі заңнама тек құқықтық сауаттылықты ғана емес, техникалық, экономикалық, цифрлық сауаттылықты да талап етеді. Жасанды интеллект, цифрлық активтер, дербес деректерді қорғау, онлайн-платформалар мен масс-медианы реттеу – бұлар бұрынғы дәстүрлі құқық шеңберіне сыймайтын күрделі салалар.
Мұндай мәселелерді сапалы реттеу үшін депутаттарда пәнаралық құзырет болуы шарт. Сондықтан «кәсіби Парламент» ұғымын мен «мультидисциплинарлық Парламент» деп кеңейтіп түсінемін: заңгер, экономист, инженер, педагог және технолог біртұтас команда ретінде жұмыс істегенде ғана заң заман талабына сай шығады», – деді бас сарапшы.