«Мектепке жол»: елордада 300 балаға қолдау көрсетілді

«Мектепке жол»: елордада 300 балаға қолдау көрсетілді
Фото: Ернұр Сағымбек

Елордада жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында қайырымдылық шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шараны «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры «R Finance» микроқаржы ұйымымен бірлесіп ұйымдастырды. Бастама ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, сондай-ақ аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Биыл акция аясында 300 балаға мектепке қажетті құрал-жабдық табысталды. Балалардың жас ерекшелігі ескере отырып жиынтықтар бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына арналып әзірленген. Олардың ішінде оқу сөмкесі мен кеңсе тауарлары бар.

Бұл – «R Finance» микроқаржы ұйымының акцияға екінші рет қатысуы. Былтыр 100 балаға көмек көрсетілген болса, биыл қамтылған оқушылар саны үш есеге артты.

«Былтыр осы бастама аясында 100 балаға қолдау көрсеткен едік. Биыл көмек көлемін ұлғайтып, 300 оқушыны қамтып отырмыз. Оқу құралдарын балалардың жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөліп дайындадық. Әрқайсысына мектепке қажетті сөмке мен оқу құралдары берілді. Мұндай атаулы қолдау алдағы жылдары да жалғасын табады деп сенеміз», – деді «R Finance» микроқаржы ұйымының маркетинг жөніндегі директоры Индира Бақытжанқызы.

Ал ұйым өкілі мұндай шаралардың әлеуметтік маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық кезінде көрсетілген қолдау ата-аналарға жеңілдік әкеліп қана қоймай, балалардың мектепке алаңсыз баруына мүмкіндік береді.

«Біз үшін әр баланың жаңа оқу жылын қажетті құралдарымен, жақсы көңіл-күймен бастауы маңызды. Бұл бастама бойынша ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасыларға қолдау көрсеттік. Балаларға көрсетілген әрбір қолдау олардың болашағына жасалған инвестиция деп білеміз», – деді «R Finance» микроқаржы ұйымы Заң департаментінің директоры Рүстем Әнуарбекұлы.

Сондай-ақ ол оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тілеп, білім жолында биік жетістіктерге жетуіне ниет білдірді.

«Барлық оқушыға жаңа оқу жылында сәттілік, жақсы баға, жаңа білім мен үлкен жетістіктер тілеймін. Оқу жылдарыңыз сәтті өтіп, армандарыңыз орындалсын!» – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мектепке жол» акциясы балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған. Осындай бастамалар жаңа оқу жылын қаржылық қиындықсыз бастауға мүмкіндік беріп, қоғамдағы өзара қолдау мәдениетін нығайта түседі.