Елордада «Үздік жас отбасы – 2026» байқауының алғашқы кезеңі өтті

Елордада «Үздік жас отбасы – 2026» байқауының алғашқы кезеңі өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні қарсаңында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында «Үздік жас отбасы – 2026» қалалық байқауының алғашқы кезеңі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Зияткерлік сайысқа 35 жасқа дейінгі 120 жас отбасы, яғни 240 адам қатысты.

Байқаудың алғашқы кезеңі «QUIZ» форматында ұйымдастырылып, ерлі-зайыптылар өз білімдерін ортаға салды. Қатысушылар отбасы құндылықтары, Қазақстан тарихы, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениет, қоғам және жаңа Конституция тақырыптары бойынша сұрақтарға жауап берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жас отбасылардың бір-бірін жаңа қырынан тануына, бірге уақыт өткізуіне, отбасылық байланысты нығайтуына және қоғамдық белсенділігін арттыруына мүмкіндік береді.

«Бүгінгі байқауды қыркүйек айының екінші жексенбісіндегі Отбасы күні қарсаңында өткізіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз елорданың жас отбасылары арасынан интеллектуалды және өнерлі отбасыларды қолдау. Бүгінгі алғашқы кезең QUIZ. Өз білімімен ерекшеленген 15 отбасы келесі кезеңге өтіп, 10 қыркүйек күні өз өнерлерін ортаға салады. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша елордадағы «Үздік жас отбасы – 2026» анықталады. Бұл жоба арқылы жас отбасылардың бір-бірін жаңа қырынан тануына, отбасылық негізін нығайтуына және қоғамдық белсенділігін арттыруына мүмкіндік беруді көздеп отырмыз», – деді «Отбасы – бақыт мекені» жобасының жетекшісі, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының Ақпараттық-талдау бөлімінің бас маманы Балжан Қолғанат.

Байқауға қатысушылар да жобаның отбасы мүшелерінің бірге уақыт өткізіп, бір-бірін жақынырақ тануына мүмкіндік бергенін атап өтті. Солардың бірі – жобаға қатысушы Ақбота Сайынқызы. Оның айтуынша, мұндай додалар ерлі-зайыптылардың бірлесіп ойлануына және бірге дамуына ықпал етеді.

«Өткізіліп жатқан байқау отбасылардың нығаюына бірден-бір себеп деп ойлаймын. Бірге өткізген уақыт отбасы мүшелерінің жақындасуына, ортақ ой қалыптастыруына және бірге дамуына жақсы әсер етеді. Жұбайым екеуіміз екі түрлі мамандықтың иесіміз. Осы байқау барысында бір-біріміздің зияткерлік қабілетімізді де жаңа қырынан байқадық. Сонымен қатар баламызға үлгі болсын деген мақсатпен қатысып жатырмыз», – деді жобаға қатысушы Ақбота Сайынқызы.

Айта кетейік, «Отбасы – бақыт мекені» жобасы 2026 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба жыл соңына дейін жалғасып, бес бағыт бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Оның аясында бұған дейін отбасыларға арналған шеберлік сабақтары да ұйымдастырылған.

Бұған дейін Астанада жастар мен отбасылар арасында Quiz өткенін жазған едік.