Маңғыстауда «Үздік шұбат» байқауының жеңімпазы анықталды

Маңғыстауда «Үздік шұбат» байқауының жеңімпазы анықталды
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Ақтау қаласында республикалық «SHUBAT FEST-2026» шұбат фестивалі өтіп, оған 15 мыңнан астам тұрғын мен қала қонағы қатысты. Байқаудың бас жүлдесін Жаңаөзен қаласының «Бірлік» шаруа қожалығы иеленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фестивальге Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарынан кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты. Негізгі мақсат – шұбатты ұлттық өнім ретінде кеңінен насихаттап, оны дайындаудың дәстүрлі тәсілдерін сақтау және түйе шаруашылығын дамыту.

«Үздік шұбат» байқауына 83 өтінім түсіп, алдын ала іріктеу нәтижесінде 20 қатысушы финалға жолдама алды. Өнімдер сапасы мен құрамына қатысты зертханалық сараптамадан өтті.

Байқау қорытындысында бірінші орынды Ақтау қаласының «Толқын» шаруа қожалығы, екінші орынды Атырау облысы Жылыой ауданындағы «Орынбасар» шаруа қожалығы, үшінші орынды Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы «Нұр-Абыл» шаруа қожалығы иеленді.

Ал фестивальдің басты жүлдесі – Гран-при Жаңаөзен қаласының «Бірлік» шаруа қожалығына табысталды. Жеңімпазға фестивальдің ресми демеушісі «Astana Motors» компаниясы GWM Poer автокөлігін сыйға тартты.

Фестиваль барысында түйе сүтінен дайындалған құрт, балқаймақ, десерт, кофе, балмұздақ пен коктейльдер де таныстырылды. Сондай-ақ үздік өнімдерді халықтық дауыс беру арқылы анықтау мүмкіндігі берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «SHUBAT FEST-2026» ұлттық сусынды заманауи форматта танытып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға және түйе шаруашылығының дамуына серпін беретін алаңға айналды.

Бұдан бұрын шетелдіктердің BaiQymyz фестивалі туралы әсерімен бөліскенін жазған болатынбыз.