Елордада көркем гимнастикадан ALEM CUP 2026 халықаралық турнирі өтеді

Бүгін, 17:17
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада көркем гимнастикадан ALEM CUP 2026 халықаралық турнирі өтеді
Фото: olympic.kz

Астанада 17-18 қазан күндері көркем гимнастикадан жыл сайынғы ALEM CUP 2026 халықаралық турнирі өтеді. Жарыс «Qazaqstan» спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктері елдерінен 400-ге жуық спортшы қатысады, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Екі күн бойы бір алаңда әртүрлі жас санатындағы және түрлі дайындық деңгейіндегі гимнастшылар өнер көрсетеді. Олардың қатарында Қазақстанның барлық өңірінен келген спортшылар бар.

«Астананың осындай ауқымды халықаралық көркем гимнастика турнирін төртінші жыл қатарынан өткізіп жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе. Былтыр жарыс Гран-при форматында өтті. Биыл бес елден 400-ге жуық қатысушыны күтіп отырмыз. Олардың арасында Қазақстанның барлық өңірінен келген спортшылар бар. Бұл жас гимнастшылар үшін шеберлігін көрсетуге, жарыс тәжірибесін жинақтауға және халықаралық аренада өзін танытуға тамаша мүмкіндік», – деді «ALEM» халықаралық көркем гимнастика академиясының өкілі Әсем Бақытжанқызы.

Турнир көркем гимнастиканы кеңінен насихаттауға, болашағынан үміт күттіретін спортшыларды қолдауға, олардың шеберлігін шыңдауға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Жарыстар 17-18 қазан күдері сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін Тұран даңғылы, 59 мекенжайындағы «Qazaqstan» спорт кешенінде өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін. Турнирдің тікелей көрсетілімі де ұйымдастырылады. Трансляция сілтемесі кейінірек жарияланады.

Іс-шараны Астана әкімдігі мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «ALEM» халықаралық көркем гимнастика академиясы ұйымдастырады.

Еске салсақ, бүгін Астанада конькимен жүгіруден ел чемпионатының алғашқы күні аяқталды.