Өтен Ахмет: Шахтер мамандығы адамға еңбекқорлықты, төзімділікті, жауапкершілікті және үнемі ізденуді үйретеді
Шахтерлер күніне орай шахтер мамандығының қоғамдағы орны, оның стратегиялық маңызы, сондай-ақ елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы жазушы-драматург, еңбек ардагері Өтен Ахметпен сұхбаттастық, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
– Шахтер мамандығының қоғамдағы маңызы неде және неліктен бұл кәсіпті стратегиялық маңызы бар мамандықтардың қатарына жатқызуға болады?
– Әуелі сұрағыңа орай «шахтер» сөзінің мағынасын түсіндіре кеткеніміз дұрыс болар. Бұл – көп мағыналы неміс сөзі, негізгі мағынасы «құдық» дегенді білдіреді. Қазақша айтсақ, жер қойнауындағы кеннің орналасуына қарай, оған бару үшін жерді жоғарыдан төмен қарай үңгілеп қазу деген сөз.
Осы ұғымды қазақ жұрты әріден білген, яғни Шыңғыс хан заманына қарай кетеді. Тарқатып айтсақ, Шыңғыс хан армиясының күші атты әскерінде немесе санының көптігінде емес еді. Ер-тұрман, ат әбзелдерінің, қылыш, семсердің, найза, жебе ұштарының, жауынгер киетін сауыттың темірдің ең асыл түрі – суарылған құрыштан жасалатынында болатын. Ал осы істердің бастауында жер қойнауынан темір кенін қазып алатын, әрине, шахтерлер тұр.
«Асыл темірді тот баспайды», «Болат қайнауда шынығады» деген мәтелдерден, Махамбеттің «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, атқан оғы Еділ – Жайық тең өткен…» дейтін толғауынан халқымыздың шахтер еңбегінің мәнін де, стратегиялық маңызын да сонау ықылым заманнан бері өте жақсы білгенін көреміз.
Әрі қарай тағы да тарқатып айтар болсақ, минералдардың алуан түрінің орналасуы әр елде әрқалай. Соның ішінде сирек кездесетіні, онсыз самолет ұшпайтыны, кеме жүзбейтіні, оқтұмсықтар жасалмайтыны, аса нәзік, күрделі технологиялық құралдарды құрастыруға пайдаланылатындары жері үлкен алпауыт елдердің біреуінде бар, біреуінде жоқ.
Сондықтан қазіргі уақытта сирек минералдарға сұраныс жоғары болуы заңды. Мысалы, осмий минералының кейбір түрінің бір грамы әлемдік нарықта 10 мың долларға дейін тартатыны мәлім. Осындай сирек минералдар жағынан Жаратушы құдірет қазақ топырағына аса зор жомарттық танытқан.
– Шахтер мамандығы уақыт өте келе қалай өзгерді? Өндірістің дамуы мен жаңа технологиялар бұл кәсіпке қандай жаңалықтар әкелді?
– Шахтер еңбегі қай заманда да үлкен кәсіби шеберлікті талап еткен. Бастапқы құралдары балға, сүңгі, күрек және тағы басқа қарапайым заттар болғандықтан, адамдар әуелде жер бетіне жақын жатқан кен қабаттарын ғана игерген. Өндіріс дамып, машиналы құралдар пайда болып, олардың жетілуіне байланысты біртіндеп жер қойнауының тереңіне қарай үңгуді үйренген.
Мысалы, мен жасым он сегізге толмаса да шахта астына түсіп, 1956-1958 және 1966-1967 жылдары Жезқазған мыс кенішінің №42 шахтасында проходчик, яғни жер қойнауын үңгуші болып үш жыл жұмыс істедім.
Кен тұтасынан және тігінен жатпайды, шашырап та, көлбей де жатады. Соған сәйкес шахтаның қазбалары горизонттарға, қазақшаласақ – қабаттарға бөлінеді. Бірінші қабаттағы кен алынып болған соң, екінші қабатқа түседі, ондағы таусылған соң, үшінші қабатқа ойысады. Осылайша шахтерлер жер қойнауын біртіндеп тереңдей игере береді.
Сонау өткен ғасырдың 60-жылдары мен №42 шахтаның үшінші қабатында еңбек еттім. Ұмытпасам, ең терең тұстары алты жүз метрдей болатын. Ол кезде құралдарымыз әлі де қарапайым, адамның физикалық күшін көп қажет ететін.
Бірер мысал. Бұрғымыздың салмағы 36 келі, оны көтеріп тұратын колонканың салмағы 12 келі, бұрғының тұмсығына ұшында алмас тас тескіші бар, ұзындығы 170-220 сантиметр болатын сүңгі темір орнатылады. Сол жағынан сығымдалған ауа шлангісі, оң жағынан су шлангісі жалғанады. Бұрғы және колонка сығымдалған ауа күшімен жұмыс істейді. Су сүңгі ортасындағы өзек арқылы өтіп, алмас ұшынан бұрқыраған шаңды басады.
Әрбір шахтер – көп мамандық иесі. Атап айтқанда, ол бұрғышы, жарылғыш заттармен забойды қопарушы, қопарылған кесек тастарды арнайы машинамен вагондарға тиеуші, электровоз жүргізушісі, жер асты темір жолын төсеуші, су, ауа құбырларын, желдеткіштерді, электр желілерін жалғаушы, су ағар арық қазушы, тағы сол сияқты болып жалғаса береді.
Қазіргі шахтерлердің құрал-саймандары көп жетілген. Жер астында отыз, елу тонна, одан да көп тартатын ауыр машиналар кен тасиды. Забойларды цифрмен басқарылатын аса қуатты бұрғылармен теседі. Бүгінде өндірістегі технологиялық мүмкіндіктер кеңейіп, адамның білімі мен кәсіби тәжірибесінің маңызы арта түсті.
– Шахтер мамандығының ел экономикасы мен өндіріс саласының дамуына қосатын үлесі қандай? Бүгінгі шахтердің кәсіби бейнесін қалай сипаттар едіңіз?
– Әрине, шахтердің еңбегі ел экономикасы үшін аса маңызды. Жер астындағы кейбір минералдар мол болғанымен, оларды игеру үлкен шеберлікті талап етеді. Бұл тұрғыдан шахтерлік – озық ғылым мен үздік технологиялар өзара ұштасқан ерекше мамандық.
Бүгінгі шахтер бұрынғыдай тек физикалық күшке сүйенетін маман емес, өндірістің заманауи күрделі құралдарын жетік меңгерген инженер десек, қателеспейміз. Қазіргі шахтердің білім-білігі, технологияны меңгеруі мен кәсіби тәжірибесі өндірістің тиімді дамуына үлкен үлес қосады.
– Көмірдің қазіргі өнеркәсіптегі маңызы туралы айтып өтсеңіз. Шахтерлердің еңбегі бұл саланың дамуына қандай үлес қосып келеді?
– Есімде өшпестей болып қалған бір көрініс бар. Мені Жезқазғаннан Қарағандыға журналистік қызметке шақырып алғанда, Қарағанды шахтерлерін алғаш рет рестораннан көрдім. Кілең түрлері де, бойлары да келіскен, бұлшық еттері асықтай бұлтылдаған жас жігіттер. Қарағанды шахтерлерінің бейнесі менің есімде осылай сақталып қалды.
Иә, көмірдің заманы өткен жоқ.
Қарағанды облысына қарайтын Теңіз ауданында үлкен көмір кеніші бар. Алғаш ашылғанда мен онда бірнеше рет болдым. Сол сапарларымнан бір мақалам кезінде «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетінде де жарияланды.
Негізінде үш түрлі сұрыппен – үлкен кесектер, малта тастардай, сосын «кофе» деп аталатын уатылған түрінде Германияға сатылады екен. Көмірдің 95-96 пайызы жанады, қалғаны ғана күл. Сондықтан немістер бұл көмірді өте жоғары сапалы керосин алу үшін де, жеңіл өнеркәсіп, медицина, басқа да өндірістік-тұрмыстық салалар үшін әртүрлі зәру өнімдер жасап шығару үшін де пайдаланады екен.
Ал әр саланың технологиясы үздіксіз дамуда. Көмірді үлкен жылу электр орталықтарында пайдаланудың да, қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей етіп жағудың да тиімді жолдары табылып жатыр. Және бұл үдерістің тоқтаусыз дами берері де ақиқат.
– Шахтер еңбегінде кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің маңызы қандай? Өзіңіздің шахтадағы еңбек жолыңыздан қандай тәжірибе түйдіңіз?
– Шахтер еңбегінде кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің орны ерекше. Жер астындағы жұмыс адамнан жинақылықты, тәжірибені және өз ісіне мұқият болуды талап етеді. Менің шахтада еңбек еткен жылдарым осы қасиеттердің маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Сол жылдары шахтада еңбек ете жүріп, жұмысшы жастардың кешкі мектебінде орта білім алдым. Кейін университетке түсу үшін шахтадағы жұмысымды аяқтап, білімімді жалғастырдым. Бұл кезең менің өмірімдегі маңызды мектептердің бірі болды.
Шахтер мамандығы адамға еңбекқорлықты, төзімділікті, жауапкершілікті және үнемі ізденуді үйретеді. Сондықтан бұл кәсіптің қадірі ең алдымен оны игерген адамның кәсіби білімі мен тәжірибесінен көрінеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!