100 күнде 100 өлең жаттаған астаналық мектеп директоры автокөлік жеңіп алды

100 күнде 100 өлең жаттаған астаналық мектеп директоры автокөлік жеңіп алды
Фото: видеодан скрин

Алматыда көркемсөз оқу бойынша VI республикалық «100 ӨЛЕҢ» байқауының қорытындысы шығарылды. Байқаудың бас жүлдесі – автокөлікті Астана қаласындағы №107 мектептің директоры Айгүл Базарбайқызы иеленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Айгүл Базарбайқызы – Астана қаласы әкімдігінің №107 мектебінің директоры, педагог-шебер, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері. Ол байқауға дайындық барысында 100 күн ішінде қазақ ақындарының 100 өлеңін жаттап, сахнада көркемсөз оқу шеберлігін көрсетті.

Биыл байқауға Қазақстанның әр өңірінен 3 мыңнан астам адам қатысты. Финалға 35 қатысушы жолдама алып, Алматыда қазақ поэзиясының шығармаларын жатқа оқыды.

Байқаудың ерекшелігі – қатысушылардың жасына, мамандығына немесе қызметіне шектеу қойылмайды. Негізгі талап – ұйымдастырушылар бекіткен 100 өлеңді 100 күн ішінде жаттап алу.

Финалдық кезеңде түрлі сала өкілдері өнер көрсетті. Олардың қатарында физиктер, математиктер, географтар, металлургтер, ақындар, филологтар, айтыскерлер, мұғалімдер, студенттер мен мектеп оқушылары болды.

Байқауда екінші орынды 10 жастағы Раяна Сейтказы иеленді. Үшінші орын Астанадан барған Тілеужан Ерғанатұлы мен Айдос Бектұрсынға бұйырды.

«Assyltas» (Асылтас) қоғамдық қоры ұйымдастырған «100 ӨЛЕҢ» байқауы биыл алтыншы рет өткізілді. Жоба қазақ поэзиясын кеңінен насихаттауға, көркемсөз оқу мәдениетін дамытуға және қазақ халқының рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған.

TAS Group компаниялар тобының негізін қалаушы Дулат Тастекей байқау жеңімпазын құттықтап, қатысушыларға алғысын білдірді.

«Айтулы байқаудың бас жүлдесі – темір тұлпардың иесі атанған Айгүл Базарбайқызын шын жүректен құттықтаймыз! Өлеңге деген ыстық ықыласы мен сөз өнеріне деген құрметі жеңіске жеткізген жеңімпазға жаңа көлігінің тізгінін берік ұстап, әр сапары сәтті болсын деген тілек білдіреміз

Мәртебелі додада өнер көрсеткен барша қатысушыға алғыс айтамыз. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, шығармашылық жолдарыңыз әрдайым жеңістерге толы болсын», – деп жазды Дулат Тастекей инстаграм парақшасында.