Астанада Түркістан облысының креаторлары 21 млн теңгенің өнімін сатты

Бүгін, 10:17
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Түркістан облысының креаторлары 21 млн теңгенің өнімін сатты
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

29-30 тамызда Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Түркістан облысының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Жәрмеңкеде өңірден келген 50 креатор өз өнімдері мен шығармашылық жобаларын таныстырды. Көпшілікке кәдесыйлар, зергерлік бұйымдар, ұлттық кілемдер, заманауи дизайнерлік киімдер, ат әбзелдері, домбыра, сондай-ақ киізден, ағаштан және қыштан жасалған бұйымдар, сәндік паннолар, жібек орамалдар, тақиялар, көрпешелер мен сөмкелер сатылды.

Екі күн ішінде жәрмеңкеге 5 200-ге жуық адам барды. Креаторлар жалпы 21 млн теңгенің өнімін сатты.

Іскерлік және мәдени бағдарлама аясында шеберлік сабақтары өтті. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға негізделген инновациялық жобалар мен стартаптар таныстырылды. Келушілер үшін сән көрсетілімі мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жәрмеңке өңір креаторларына өз туындыларын елорда жұртшылығына танытып қана қоймай, жаңа серіктестер табуға, іскерлік байланыс орнатуға және өз брендтерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Creative Aimaq жобасы әлі де жалғасады. Келесі кезекте Жамбыл облысының креаторлары өз өнімдері мен жобаларын таныстырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жетісу креаторларының жәрмеңкесіне 5 мың адам қатысты.