Тәжікстанда қазақстандық дәрігерлер 100-ден астам науқасқа консультация беріп, күрделі ота жасап жатыр

Тәжікстанда қазақстандық дәрігерлер 100-ден астам науқасқа консультация беріп, күрделі ота жасап жатыр
Фото: ДСМ

Тәжікстандағы «Қазақстан медицинасының күндері» аясында академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандары екі күн ішінде 100-ден астам пациентке консультация беріп, 10-ға жуық хирургиялық операция жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық травматологтар мен ортопедтер Душанбе қаласында омыртқа хирургиясы, табан және тобық буыны ортопедиясы, артроскопия және спорттық жарақаттар бағыттары бойынша медициналық көмек көрсетті.

Мамандардың қатысуымен бел омыртқасының дегенеративті стенозы және айқын түбіршектік ауырсыну синдромы бар пациентке күрделі операция жасалды. Хирургтер L4-L5 және L5-S1 деңгейлеріндегі нерв құрылымдарын декомпрессиялап, транспедикулярлық жүйе мен омыртқааралық кейдждер орнатты.

Сондай-ақ сколиоз диагнозы қойылған 13 жастағы пациентке омыртқаның күрделі деформациясын түзету операциясы жүргізілді.

Табан және тобық буыны хирургиясы бойынша да бірқатар операция жасалды. Атап айтқанда, ауыр жарақаттан кейінгі тобық буынының артрозы мен табан деформациясы бар 24 жастағы пациентке деформацияны түзетуге және табанды тұрақтандыруға бағытталған үш буынды артродез орындалды.

Бұдан бөлек, тізе буынына артроскопиялық операциялар жасалып, медиальды менискке тігіс салу және капсулалық-байламдық аппаратқа пластика жүргізілді.

Қазақстандық мамандар тәжікстандық әріптестерімен бірге әрбір клиникалық жағдайды талқылап, диагностика мен емдеу тактикасын таңдауда тәжірибе алмасты. Бірлескен операциялар заманауи емдеу әдістерін тікелей тәжірибеде көрсетуге мүмкіндік берді.

Қазақстандық делегацияның Тәжікстандағы жұмысы жалғасуда. Қорытынды күні екі ел мамандары травматология-ортопедия қызметін дамыту, заманауи емдеу тәсілдері және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мәселелерін талқылайды.

Бұған дейін қазақстандық дәрігерлердің Тәжікстанда заманауи емдеу әдістерін таныстырып жатқанын жазғанбыз