13 жылдан кейін: қазақстандық дәрігер Тәжікстанда бұрынғы пациентін кездестірді

13 жылдан кейін: қазақстандық дәрігер Тәжікстанда бұрынғы пациентін кездестірді
Фото: ДСМ

Қазақстандық дәрігер Тәжікстанға жұмыс сапары барысында 13 жыл бұрын Алматыда ауыр пневмониядан емдеген пациентімен қайта кездесті. Кездесу Қазақстан медицинасының күндері аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл – профессор, педиатр дәрігер, пульмонолог Мира Зекенқызы Ажахметова үшін күтпеген әрі әсерлі кездесу болды. Ол 13 жыл бұрын Алматыда тәжікстандық отбасының ауыр сырқаттанған кішкентай қызы Адибаға медициналық көмек көрсеткен.

Сол кезде жаңа туған қыздың әкесі Қазақстанда жүрген. Қызы ауыр пневмонияға шалдыққанымен, отбасының оны елде емдетуге мүмкіндігі болмаған. Дәрігер қызды емханаға тіркеуге көмектесіп, қажетті емді бастаған. Кейін отбасы Тәжікстанға оралған.

«13 жыл бұрын менің қабылдауыма Адиба Камолова есімді жаңа туған қыздың әкесі келді. Ол Тәжікстан азаматы болатын және сол кезде Қазақстанда жүрген. Оның кішкентай қызы ауыр сырқаттанып, пневмониямен ауырған еді. Медициналық көмек алу үшін елге қайтуға мүмкіндігі болмады, ал баланы Қазақстанда емдеуге жатқызуға да жағдайы жетпеді. Мен қызды емханаға тіркеуге көмектестім және емдеуді бастадық. Көп ұзамай отбасы Тәжікстанға қайтып кетті. Ол кезде қыздың денсаулығы жақсарып, ауруынан айыққан болатын», – деп еске алды дәрігер.

Арада 13 жыл өткен соң, Қазақстандық медицина мамандарының Душанбе қаласына сапары кезінде дәрігер мен оның бұрынғы кішкентай пациентінің жолы қайта түйісті. Кездесуді ұйымдастыруға №15 қалалық денсаулық сақтау орталығының бас дәрігері Тохир Гайратзода Гайрат пен Тәжікстанның бас педиатры Лола Фахриддинқызы көмектесті.

Адиба бұл жолы дәрігерді бірден таныған. Ал оның інісі Нұрсұлтан бала кезінде кездескендіктен, Мира Зекенқызын бірден тани қоймаған.

«Кездесу өте әсерлі өтті. Адиба мені бірден таныды. Ал Нұрсұлтан бірден тани қоймады. Ол кезде әлі кішкентай болатын. Қыз маған қарап: «Мен де сіз сияқты дәрігер болғым келеді», – деді. Сол сәтте мен мамандығымыздың қадір-қасиетін және неліктен осы кәсіпті таңдағанымызды тағы бір мәрте түсіндім. Бүгінде Адиба мен Нұрсұлтан өсіп келеді, мектепке барып, ағылшын тілін үйреніп, болашақтарын армандауда», – деп әңгімесін жалғастырды Мира Зекенқызы.

Дәрігердің айтуынша, бұл кездесу оның кәсіби жолындағы ерекше сәттердің біріне айналған. Бірнеше жыл бұрын медициналық көмекке мұқтаж болған бала бүгінде есейіп, өз болашағын жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Тәжікстанда Қазақстан медицинасының тәжірибесі таныстырылып, қазақстандық дәрігерлердің 100-ден астам науқасқа консультация беріп, күрделі ота жасап жатқанын жазған болатынбыз.