Назарбаев университетіндегі Alumni Fest түлектерді бір алаңға жинады
Назарбаев университетінде NU Alumni Fest 2026 фестивалі өтіп, әр жылдардағы түлектер, студенттер, оқытушылар мен университет серіктестері бас қосты. Фестивальдің ерекшелігі – түлектер қауымдастығын нығайтып қана қоймай, студенттерге жаңа мүмкіндіктер мен қолдау көрсетуге бағытталуы. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Саясат Нұрбек Telegram-дағы арнасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, университетті бітіргеннен кейін әр түлек өз жолын таңдайды. Бірі ғылымға бет бұрса, енді бірі кәсіби мансабын бастап, жаңа жобаларға кіріседі. Алайда білім алған ортамен байланысты сақтау арқылы университеттің өз түлектерімен берік қауымдастығы қалыптасады.

«Назарбаев Университетінде өткен NU Alumni Fest 2026 дәл осындай кездесуге айналды. Бір алаңға әр жылдардағы түлектер, студенттер, оқытушылар, серіктестер мен университет қабырғасында табысқан достар жиналды», – деп жазды Саясат Нұрбек.
Оның пікірінше, бүгінде NU түлектерінің әрқайсысының өз бағыты мен жинаған тәжірибесі бар. Бірі Қазақстанда еңбек етсе, енді бірі шетелде білімін немесе кәсіби жолын жалғастырып жүр. Осы тәжірибенің университет ортасына қайта оралуы кәсіби байланыстарды нығайтып, жаңа идеялардың пайда болуына және студенттерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
«Alumni Fest-тің атмосферасы да осы сабақтастықты көрсетті. Панельдік пікірталастар, мансап туралы әңгімелер, нетворкинг, спорттық және интерактивті алаңдар, жылдардан кейінгі кездесулер мен жаңа таныстықтар – бір күнде университет қауымдастығының бірнеше буынын қайта тоғыстырды», – деді министрдің міндетін атқарушы.
Фестивальдің тағы бір маңызды бағыты – қайырымдылық. Іс-шараға сатылған билеттерден түскен барлық қаражат Назарбаев университеті студенттерінің стипендиялық бағдарламаларын қолдауға бағытталады.
Саясат Нұрбек мұндай бастамаларды университет пен түлектер арасындағы сабақтастықтың жақсы үлгісі деп бағалады.
«Түлектер өздерінің alma mater-імен байланысын сақтап, тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі буынға жаңа мүмкіндіктер жасауға атсалысқанда, университеттің ықпалы диплом табыстаумен аяқталмайды», – деп атап өтті ол.
Оның сөзінше, қазіргі университет – тек білім беретін орта емес, студенттік жылдардан басталып, түлек атанғаннан кейін де жалғасатын қауымдастық.
«Осындай қауымдастықтар еліміздің адами капиталының дамуына да өз үлесін қосады», – деп түйіндеді Саясат Нұрбек.
