Максим Рожин: Конституциялық реформа – ұлттық даму моделін қайта іске қосу үдерісі

Бүгін, 09:32
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Максим Рожин: Конституциялық реформа – ұлттық даму моделін қайта іске қосу үдерісі
Фото: Максим Рожиннің жеке парақшасынан

Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Максим Рожин әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Конституциялық реформаның келесі кезеңі ресми түрде басталды. Дата бекітілді — 2026 жылғы 15 наурыз. Жаңа Конституцияның тағдырын Парламент емес, тікелей халық шешеді. Комиссия жұмысын ерекше атап кеткім келеді, бұл жаңа саяси мәдениеттің көрсеткіші болды деп есептеймін. Бүгін институционалдық трансформация бойынша үлкен блок жабылды — Конституциялық комиссия жұмысын аяқтап, жаңа Ата Заңның соңғы нұсқасын Мемлекет басшысына ұсынылды. Процесс тек кабинет ішінде емес, қоғаммен бірге жүрді: азаматтардың ұсыныстары eGov пен e-Otinish арқылы жиналып, сарапшылар сүзгісінен өтті. Нәтижесінде құжат тек құқықтық мәтін емес, қоғамдық сұраныстың жинақталған көрінісі болып шықты», - деді депутат.

Талқылаулар ашық форматта өтті, түрлі ұстанымдар тікелей эфирде айтылды.

«Қоғамдық ұйымдардан, белсенді азаматтардан жүздеген ұсыныс комиссия қарауына жолданды. Ата Заңға бірәз үсыныс енгізілді, ал Заң деңгейінде қаралу керек ұсыныстар алдағы уақытта Парлменттің қарауында жолданады деді Конституциялық соттың төрағасы, Конституциялық реформа бойынша комиссия төрағасы Эльвира Әзімова. Демек алдағы уақытта жұмыс көп. Енді мазмұнға келсек. Жаңа Конституцияның ерекшелігі — ол жай ғана баптарды жаңарту емес, мемлекеттік модельді қайта құру. Негізгі назар адамға және оның әлеуетіне ауысады. Мемлекет экономика үшін емес, экономика адам үшін жұмыс істеуі керек деген ұстаным бекітіледі. Бұл әлеуметтік саясаттан бастап, білім, денсаулық сақтау, өңірлік даму және әділет жүйесіне дейінгі барлық салаларға ұзақмерзімді мемлекеттік саясат бағытын береді», - деді халық қалаулысы.

Сондай-ақ Максим Рожин тағы бір маңызды бағыт ретінде мемлекеттік институттардың рөлін нақтылау және жауапкершілікті қайта бөлу екендігін айтты.

«Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік айқындалады, өкілеттіктердің қайталануы азаяды, саяси жүйе формалды емес, жұмыс істейтін тетікке айналуға тиіс. Бұл мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталған құрылымдық жаңғырту. Сондай-ақ, құжатта қоғамдық келісім, тең мүмкіндік, заң үстемдігі сияқты базалық құндылықтар декларация деңгейінде емес, конституциялық норма ретінде бекітіледі. Бұл кейінгі барлық заңнамалық және стратегиялық шешімдер үшін «жоғарғы деңгейдегі техникалық тапсырма» рөлін атқарады», - деді Максим Рожин.

Депутаттың сөзінше, 15 наурых – бұл жай дауыс беру күні емес.

«Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында Конституциялық комиссия әрбір норманы ашық түсіндіріп, азаматтардың ұсыныстарына кері байланыс берді. Жұмысқа мәжіліс депутаттары белсенді қатысып, мыңдаған ұсыныс сарапталды. Нәтижесінде қоғам сұранысына жауап беретін, түсінікті тілмен жазылған, баршаға ортақ құндылықтарды біріктірген құжат әзірленді. Бүгінде жобаға саяси партиялар, сарапшылар және миллиондаған азаматтардың мүддесін білдіретін қоғамдық ұйымдар қолдау білдіріп отыр. Алдағы кезеңде олар бүкіл ел бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әрбір жаңа норманың мәнін халыққа жеткізеді.15 наурыз — бұл жай дауыс беру күні емес. Бұл елдің алдағы онжылдықтардағы даму логикасын таңдау нүктесі. Конституциялық реформа саяси оқиға ғана емес, ұлттық даму моделін қайта іске қосу үдерісі», - деді Максим Рожин.

Бұған дейін Мемлекет басшысы референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойғанын жаздық.