Қазақ ғылымының болашағы жастардың қолында – Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өздеріңізге мәлім, мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Ғылымға бет бұру – өсіп-өркендеуге ұмтылған әрбір елдің тарихи міндеті. Біз мұны жақсы түсінеміз. Мемлекет ғылым саласына үнемі қолдау көрсетуде. Кейінгі 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асты. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны көбеюде. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент алда тағы бір маңызды міндет тұрғанын айтты.
«Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында. Талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айналады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайды. Сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз керек. Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлінуде. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді Мемлекет басшысы.
️Президент зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеуге мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты екенін айтты.
«Ғылымды қолдау, ғалымдарға ел болып құрмет көрсету, бұл – ең алдымен қоғамда еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық құндылықтарын орнықтыру деген сөз. Халқымыздың ойы озық болса, өскелең ұрпақтың да ғылым-білімге деген ықыласы айрықша болары анық. Зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ парыз. Оған мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты. Мен былтыр «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесін құру туралы тиісті Заңға қол қойдым. Бұл жүйе арқылы ата-аналар баласының болашақта сапалы білім алуына қаражат жинай алады. Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық азамат арнайы есепшот ашты. Мұны болашаққа салынған ең ұтымды инвестиция деуге болады», – деді Тоқаев.