«Таза Қазақстан»: полиция үш мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісін жойды

Бүгін, 14:39
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Таза Қазақстан»: полиция үш мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісін жойды
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында арнайы белгіленбеген орындарға қоқыс төгу мен сұйық қалдықтарды ағызудың жолын кесу бойынша жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Акция басталғалы бері 4 мыңнан астам қоқыс үйіндісі анықталды. 722 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 227 мыңнан астамы қоғамдық орынды ластау, ал 496 мыңға жуығы абаттандыру қағидасын бұзу.

Нәтижесінде үш мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды. Сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке лауазымды тұлғалар, оның ішінде әкімдіктер мен коммуналдық қызмет өкілдері де тартылды.

Мысалы, Ақмола облысының Бурабай ауданында туристік аймақтарды тұрмыстық қоқыстан тазарту бойынша ауқымды акция өтті. Іс-шараға полициямен бірге еріктілер және экобелсенділер қатысты. Нәтижесінде үш тоннадан астам қалдық шығарылды.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға және ұйым өкілдеріне түсіндіру жұмысы жүргізілді. Қоқысты шығару және жинау ережесі, сондай-ақ оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы еске салатын ақпараттық жадынамалар таратылды.

«Қоршаған ортаның тазалығы тек бақылауға ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне де байланысты», - деді ІІМ өкілдері.

Еске сала кетейік, Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты барлық 25 кітапханада сенбілік ұйымдастырылды.