Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында өтіп жатқан Қарағанды облысының креативті жәрмеңкесіне өңірден 80-нен астам креатор қатысып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Креативті индустрияларды дамыту қорына сілтеме жасап.
Олардың қатарында суретшілер, дизайнерлер, қолөнер шеберлері, шығармашылық кәсіпкерлер мен технологиялық жобалардың авторлары бар. Келуші назарына авторлық картиналар, зергер әшекейлері, ұлттық киімдер, дизайнерлік топтамалар, кілемдер, керамика және түрлі қолөнер бұйымдары ұсынылды.
Көмірден жасалған өнер туындылары мен заманауи технологиялар
Қарағанды облысының өндірістік тарихы жәрмеңке экспозициясынан да көрініс тапты. Көмірден жасалған көркем бұйымдар өңірдің өнеркәсіптік ерекшелігін өнер тілімен жеткізсе, заманауи технологиялық жобалар өндірістегі жаңа мүмкіндіктерді таныстырды. Атап айтқанда, көрмеде медицинаға арналған анатомиялық модельдер мен өнеркәсіптік бөлшектерді жасауға мүмкіндік беретін 3D-баспа технологиялары ұсынылды. Осы әдіспен өндірілген полимер қосалқы бөлшектер Qarmet кәсіпорындарына да жеткізіледі.
Технологиялық бағыттағы экспозиция IT, жасанды интеллект және ұшқышсыз құрылғылар саласындағы әзірлемелермен толықты. Бұл жобалар өңірде дәстүрлі өнермен қатар технологиялық шығармашылықтың да дамып келе жатқанын көрсетті.
Балқаш шеберінің микроминиатюралары мен ұлттық қолөнер
Жәрмеңкеге Балқаш қаласынан келген микроминиатюра шебері ине көзінің ішіне сыйып кететін ерекше композицияларын алып келді. Аса жоғары дәлдікпен орындалған туындылар арасында әлемдік рекордтармен танылған жұмыстар да бар. Ұлттық қолөнер бұйымдарының қатарында «Қыздың жасауы» сәндік жастығы, металды көркем өңдеу шеберлерінің туындылары мен дәстүрлі нақыштағы тұрмыстық заттар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Қыздың жасауы» сәндік жастығы да рекордтық туынды ретінде танылған.
Қарағандылық шеберлер жұқа киізден тігілген заманауи киім үлгілерін таныстырды. Дәстүрлі киіз басу әдісін жаңа дизайнерлік шешімдермен ұштастыру күнделікті киюге жеңіл әрі ыңғайлы киімдер жасауға мүмкіндік береді. Абай тігін фабрикасы да сырт киімдер топтамасын, соның ішінде заманауи күртеше үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Осылайша жәрмеңкеде ұлттық қолөнердің заманауи сән индустриясындағы қолданысына ерекше назар аударылды.
Кәріпбек Күйіковтің кітаптары таныстырылды
Жәрмеңкенің маңызды оқиғаларының бірі – белгілі қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының таныстырылымы. «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсенді қатысушысы, әлемге танылған суретші өмір жолы мен шығармашылығы арқылы адам рухының қайсарлығын танытып келеді. Қолсыз дүниеге келген қылқалам шебері кескіндеме өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, халықаралық деңгейде танылды. Келушілер кітаптармен қатар суретшінің көрмеге қойылған кескіндеме туындыларын да тамашалады.
«Тоқырауын толқындары» ансамблі Арқаның өнерін асқақтатты
Мәдени бағдарламаның жарқын сәттерінің бірі – Амантай Жұмашұлы мен Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің өнер көрсетуі болды. Өнерпаздар Сарыарқаның әншілік дәстүрін, Арқаға тән әуендер мен ұлттық би өнерін елорда көрерменіне паш етті. Әсем ән мен әсерлі би көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, жәрмеңкеге ерекше сән берді. Көрермендер ұлттық өнердің бай мұрасын танытқан шығармашылық ұжымның өнерін зор қошеметпен қабылдады.
Екі күндік мәдени бағдарламада Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі өнерпаздарының концерттері, дизайнерлік сән көрсетілімдері мен шығармашылық шеберлік сабақтары да қамтылған. Сонымен қатар инклюзивті шығармашылыққа, ұлттық музыкалық аспаптарға және дәстүрлі қолөнерді дамытуға арналған жұмыстар таныстырылды.
Бүгін Қарағанды облысының креативті жәрмеңкесі жалғасады. Елорда тұрғындары мен қонақтарын Арқаның бай өнерімен жақынырақ танысуға, ерекше туындыларды тамашалауға және отандық креаторларға қолдау көрсетуге шақырамыз. Жәрмеңке Астана қаласы Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайындағы Qazaq Creative Hub алаңында өтеді.



