Елорданың Ботаникалық бағында сүт безі қатерлі ісігімен күресті қолдауға арналған «Pink Run Astana» қайырымдылық жүгірісі өтті. Шара әйелдер денсаулығына назар аудару, қатерлі ісікті ерте анықтаудың маңызын түсіндіру және онкологиялық дертке шалдыққан жандарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, Қазақстан онкологтары қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Диляра Қайдарова сүт безі қатерлі ісігінің еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сүт безі қатерлі ісігі Қазақстанда аурушаңдық көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. 2025 жылы елімізде осы аурудың 5 500-ден астам жаңа жағдайы анықталған.
«Бүгінгі жүгіру – осы аурумен күресіп жүрген әйелдерді қолдауға, сондай-ақ дерттен айыққан жандарға дем беруге бағытталған маңызды акция. Ең алдымен, аурудың алдын алу және оны ерте анықтау жолдары туралы көбірек айтуымыз керек», – деді Диляра Қайдарова.

Маманның сөзінше, Қазақстанда 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скринингтен тегін өте алады. Ол үшін тіркелген емханаға жүгініп, маммографиядан өтуге болады. Қажет болған жағдайда сүт бездерін ультрадыбыстық зерттеуден де өткізуге мүмкіндік бар.
Диляра Қайдарова әр адамның денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмауы маңызды екенін атап өтті. Ауруды ерте анықтау оны дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ол осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, қоғамның қолдауы онкологиялық аурулармен күресте маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
«Әр адам денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Ұйымдастырушыларға осындай ауқымды акция өткізгені үшін алғыс айтамын. Егер бүгінгі шарамыз арқылы ең болмағанда бір адамның өмірін сақтап қалуға үлес қоссақ, бұл күнді бекер өткізбегеніміз», – деп түйіндеді ол.
«Pink Run Astana» қайырымдылық жүгіруі спорт арқылы қоғам назарын әйелдер денсаулығына аударып, онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте диагностикадан өту және дертпен күресіп жүрген жандарға қолдау көрсетуді дәріптеді.








