«Спектакльдер сын көтермейді»: Тілектес Мейрамов қазіргі театрлар туралы сыни пікір білдірді

«Спектакльдер сын көтермейді»: Тілектес Мейрамов қазіргі театрлар туралы сыни пікір білдірді
Фото: kaztheatre.kz

Қазіргі спектакльдердің басым көпшілігі құлақ пен көзге ғана әсер етеді, жүректен өтпейді. Бұл туралы сахнаға 55 жылдық ғұмырын арнап, тұтас бір дәуірдің куәсі болған Қазақстанның Халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері Тілектес Мейрамов театртанушы Жұлдыз Қапезоваға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Астана ақшамы» газетінде жарияланған сұхбатта халық әртісімен қазақ театрының кешегісі мен бүгіні, өнердің миссиясы және актер тағдыры туралы әңгіме өрбіген. Өз әңгімесінде актер 1965-1995 жылдардағы кезеңді сағынатынын айтты.

«Мен қазір сағынып еске алатыным – сол дәурен. Өйткені тарихтан да білесіз, ол заман М.Әуезов театрының алтын ғасыры деп аталады. Шартты түрде 1964-65 жылдардан бастап, 1995 жылдарға дейінгі отыз жылдан астам уақытты қамтыды. Сол кезеңде небір туындылар дүниеге келді. Тек Қазақстанды емес, бүкіл Одақты шулатқан спектакльдер болды. Мен қазір сол кезді сағынамын. Сол спектакльдерді сағынамын. Қазіргі бір күндік, екі күндік уақытша дүниелерді көргенде, шынымды айтсам, қарным ашады…

Мысалы, «Ана – Жер – Ана» спектаклі 1964 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алған. Содан мен театрдан 2001 жылы кеткенге дейін отыз жеті жыл бойы үзбей сахналанды. Айына кем дегенде екі рет қойылатын.

Қаншама гастрольге бардық: Мәскеу, Қазан, Уфа, Орынбор, Ташкент… Өзіміздің облыстарды айтпағанда. 1973 жылы Бүкілодақтық байқауда озып шығып, Иранның Шираз қаласында қойылды, ол жақты да дүр сілкіндіріп келдік. Ал «Қан мен тер» спектаклі жиырма бес жылға жуық жүрді.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» да жиырма бес жылдан артық сахнадан түскен жоқ. Талай буын актерлер ауысты. Мен өзім Қозыны қырық екі жасқа дейін ойнадым. Кейін Жантыққа ауыстым, Қарабайды сомдадым. Бірақ бір қызығы – актерлер ауысса да, спектакльдер сыр бермейтін. Өйткені олардың сүйегі мықты болды. Ал қазіргілер… Шынын айту керек, сын көтермейді. Көлденең бір актер келсе, бірден шашылып қалады. Өйткені негізі жоқ. Сондай спектакльдерді қатты аңсаймын. Сол деңгей қайта болса екен деп ойлаймын», – деді Тілектес Мейрамов.

Халық әртісінің сөзінше, қазіргі спектакльдердің басым көпшілігі құлақ пен көзге ғана әсер етеді, жүректен өтпейді. 

«Мен айтамын: айналайындар-ау, адам көзсіз де, құлақсыз да өмір сүре береді, ал жүрек тоқтаса, ми тоқтаса – бітті, адам өледі. Соны біздің буын әлі күнге дейін жеткізе алмай келеміз.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Ресейдегі Кіші театрдың көркемдік жетекшісі, әйгілі актер Соломин де осыны айтып кетті. Мен өзімді олармен салыстырып отырған жоқпын, тек көрген, оқыған дүниені айтып отырмын. Жақында ғана Олег Басилашвилидің сұхбатын оқыдым. «Айттым, қойдым, шаршадым, енді айтпаймын» дейді. Оны да мазалап жүрген дәл осы мәселе. Бірақ тыңдап жатқан ешкім жоқ. Кешегі күнге дейін «классиканы бұзуға болмайды, мәтінге тиіспеу керек» деп зарлап келдік. Ал қазір сол классика қалай болса солай қойылып жатыр. Сосын енді неше түрлі шеттен, сырттан режиссер шақыру сияқты «сән» шықты. Олар материалдың тереңіне бара алмайды, қаза алмайды. Содан бетіндегі қаймағын ғана қалқып алып, «гонорарын» алады да, соған бәрі мәз болып қалады. Бұл – жалпы барлық театрға ортақ мәселе.

Мен аттарын атап айтпай-ақ қояйын, Астанада болсын, Алматыда болсын, бәрінде бір жағдай. Басым көпшілігі – плагиат. Ана жақтан көргенін, мына жақтан көргенін, интернеттен алғанын әкеліп тықпалайды. Біз соны «аһ», керемет деп қабылдаймыз. Сөйтіп көрерменді шатастырамыз, адастырамыз», – деді ол.

Бұл туралы талай жазылып та, айтылып та жүргенін тілге тиек етті.

«Мұны кезінде Әшірбек Сығай «классиканы ойыншыққа айналдыруды доғару керек» деп жазған. Бірақ соған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Айтсаң, жексұрын боласың. Айтпай тағы болмайды. Мен қазір сол екіұдай күйде жүрмін.

Мен ылғи айтамын: үндемей қалсам, ол сізбен келіскенім емес. Ол сізге айтудың қажеті жоқ деп есептегенім. Өйткені сіз оны түсінбейсіз. Тіпті естігіңіз де келмейді. Өздерінің бір қалыптасқан түсінігі бар, содан шыға алмайды.

Ал сырт көзге бәрі көрініп тұрады. Мен тағы да сол Әзекең қойған спектакльдерді мысал қылып айтамын. Ең обал болған дүниелердің бірі – Чеховтың «Ваня ағайы». Негізі, қазақ сахнасында аудармалар өте нашар жүреді. Ал сол қойылыммен Мәскеуге барғанда, бүкіл сыншылар тік тұрып мойындады. Бір ғана сын айтқан адам болды, жаңылмасам, Крымова болуы керек. Сол, бір актрисаға қарап: «Милочка, за столом в шляпе не сидят» дегені. Спектакльден тапқан бар «кемшілігі» сол ғана. Ал қалғандары: «Рақмет сіздерге, қазақтар. Сіздер біздің Чеховты өзімізге қайта алып келдіңіздер» деп алғыс айтты. Өйткені ол кезде де «эксперимент» деген басталып кеткен еді. Мысалы, Литваның режиссері Някрошюстың «Ваня ағайы» да сол кезде біраз дүркіреді. Біз өзіміз көрген жоқпыз, бірақ көргендер айтады, «кейіпкерлердің бәрі дерлік нашақор сияқты берілген» деп. Ал түпнұсқада ондай нәрсе жоқ қой. Бұл – Батыстың ықпалымен келген дүние. Соны Мәскеудің сыншылары «жаңалық», «жаңашылдық» деп көкке көтеріп жатты. Қазір біз дәл сондай кезеңге тап болып отырмыз», – деді халық әртісі.

Бұған дейін Павлодарда «Астана Опера» гастролі аншлагпен өткенін жазған едік.