Бітімгерлердің үшінші құрамы Голан жоталарына аттанды

Бітімгерлердің үшінші құрамы Голан жоталарына аттанды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Алматыдағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінде «Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясы құрамында қызмет ету үшін Голан жоталарына аттанатын үшінші ұлттық бітімгерлік контингентті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Бітімгерлік операциялар орталығының қолбасшылығы, қызметтестер, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты. Митингте сөз алған Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті қолдау ісіне қатысуының маңыздылығына тоқталды.

– Бітімгерлік сыртқы саясаттың басым бағытының бірі және Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікке қосқан маңызды үлесі. Сіздер еліміздің абыройын асқақтатып, БҰҰ бітімгерлік миссиясына қатысуға аттанғалы тұрсыздар. Бұл – мемлекеттің, халықаралық қауымдастық пен жақындарыңыздың алдындағы үлкен жауапкершілік, деді генерал-майор Асқар Мұстабеков.

з кезегінде екінші бітімгерлік контингентінің әскери қызметшісі 3-сынып сержант Жандос Әубәкіровтің әкесі Ғұмар Маратұлы сөз алып, бітімгерлерге ақ жол тілеп, миссияны абыроймен атқарып, аман-есен елге оралуына тілектестік білдірді.

Бұдан соң үшінші бітімгерлік контингенттің командирі подполковник Ілияс Алматов бастаған әскерилер плацта салтанатты саппен жүріп өтті. 139 әскери қызметшісі екінші контингентті ауыстыру үшін Алматы халықаралық әуежайына жол тартты.

Қазіргі таңда 150-ден астам қазақстандық бітімгер БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы және Африка континентіндегі 7 миссиясына әскери бақылаушы, штабтық офицер және жеке дербес әскери контингент ретінде қатысып жатыр. Атап айтсақ, Ливанда, Сирияда, Батыс Сахарада, Оңтүстік Суданда, Конго Демократиялық Республикасында, Орталық Африка Республикасындағы БҰҰ миссияларында қазақстандық бітімгерлер бар.

Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, тосқауыл бекеттерін күзету, жарылыс қаупі бар заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ персоналдарын алып жүру мен эвакуациялау жөніндегі міндеттерді орындайды. Ұлттық контингенттің бұған дейінгі екі құрамы Голан жоталарында қызмет еткен кезде қойылған барлық міндетті ойдағыдай орындап, БҰҰ миссиясы мен Хатшылығының басшылығынан жоғары баға алғанын айта кету керек.