Жыл басынан бері 140 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналасты
2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 101,3 мың адам қамтылып, 140,8 мың азамат жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, халықты тұрақты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау бағытындағы жұмыстар өңірлік жұмыспен қамту карталары мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатыр.
Биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 50,6 мың адам жолданған. Оның ішінде 37,6 мыңы қоғамдық жұмыстарға; 5,4 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына; 2,7 мыңы жастар практикасына; 4,9 мыңы «Күміс жас» жобасына тартылды.
Сонымен қатар 31,7 мың жұмыссыз азамат онлайн оқумен қамтылып, 25,1 мыңы оқу курстарын аяқтап, сертификат алған.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында 16,9 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылса, оның 7,3 мыңы оқуын тәмамдаған.
Жұмыс берушілердің сұранысына сай кадр даярлау мақсатында 2 119 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Ал мәнсап орталықтарында 142,8 мың адамға кәсіби бағдар беру және консультациялық қызмет көрсетілген.
2026 жылғы 1 мамырдағы дерек бойынша 140,8 мың адамның 50,6 мыңы белсенді жұмыспен қамту шаралары арқылы; 48,3 мыңы Электрондық еңбек биржасындағы бос орындарға; 40 мыңы «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында; 1,9 мыңы мемлекеттік жобалар шеңберінде жұмысқа орналасқан.
Сондай-ақ биыл әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, яғни 1,73 млн теңгеге дейін 9 мың мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр.
Бұған дейін мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға бөлінетін квота 2 есеге ұлғайтылатынын жазған едік.