Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға бөлінетін квота 2 есеге ұлғайтылады

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға бөлінетін квота 2 есеге ұлғайтылады
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Инклюзивті жұмыспен қамтуды дамыту және азаматтарды қолдаудың проактивті модельдерін енгізу ерекше қажеттілігі бар адамдарды кәсіби тұрғыдағы мүмкіндігін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, былтыр ерекше қажеттіліктері бар 413,7 мың еңбекке қабілетті адамның 110,8 мыңы жұмыспен қамтылған. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шарасымен 25 мыңнан астам азамат қамтылды, оның ішінде 8,1 мың адам жұмыс орнын квоталау шеңберінде жұмысқа орналастырылды.

Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі Ұлытау облысы мен Қарағанды өңірінде. Бұл ретте министрлік инклюзияны кеңейту бойынша басқа кәсіпорындар үшін бағдар ретінде қызмет ететін ТОП-10 әлеуметтік жауапты жұмыс берушіні бөлек атап отыр.

«Министрлік биылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін квоталарды орындау үшін ұйымдар тізбесін цифрлық есепке алу тәсілін әзірлейді. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін цифрлық жұмыспен қамту қызметі енгізіледі, ол жұмысқа орналастырғанға дейін азаматтарды белсенді сүйемелдеу моделіне көшуді қамтамасыз етеді. Осы жылдан бастап біз 17 мыңға жуық мүгедек адамды квотамен қамтуды жоспарлап отырмыз, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2 есе көп», - деді Асқарбек Ертаев.

Еске салсақ, Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдарға белгіленген квота бойынша жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді. Квоталауға қатысатын жұмыс берушілердің тізбесі аудандар мен қалалар бөлінісінде электрондық еңбек биржасында жарияланды.