PGL Astana 2026 турнирін 3 күнде шамамен 20 мың көрермен тамашалады

PGL Astana 2026 турнирін 3 күнде шамамен 20 мың көрермен тамашалады
Фото: Астана әкімдігі

Елордада Counter-Strike 2 дисциплинасы бойынша өткен халықаралық PGL Astana 2026 турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Турнирдің қорытынды күнінде басты назар Team Spirit пен Team Falcons арасындағы финалдық кездесуге ауды.

Нәтижесінде Team Spirit қарсыласын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, Астанада екінші жыл қатарынан чемпиондық атағын қорғап қалды.

Финалдағы үздік киберспортшылардың бірі – ең құнды ойыншы (MVP) атағын иеленген Данил donk Крышковец болды.

Үш күн ішінде Barys Arena-дағы матчтарды шамамен 20 мың көрермен тамашалады. Сонымен қатар, әлем бойынша 2 миллионнан астам киберспорт жанкүйері ойындарды онлайн-трансляция арқылы бақылаған. Бұл жарысқа халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрады. PGL Astana 2026 Қазақстандағы ең ірі халықаралық киберспорттық оқиғалардың біріне айналып, Астананың ауқымды турнирлер мен спорттық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.

Еске салайық, халықаралық PGL Astana 2026 турнирі 15-17 мамыр аралығында елордадағы Barys Arena кешенінде өтіп, әлемнің Counter-Strike бойынша ең мықты 16 командасын жинады.