Талдықорғанда достарымен футбол көруге барған студент қаза тапты
Желіде Талдықорған қаласында 20 жастағы студенттің пышақталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Ашық дереккөзде тараған мәлімет бойынша оқиға Жәңгір Нұрланұлының достарымен бірге футбол ойынын көрген соң болған. Анасының айтуынша, 17 жастағы оқушы ұлын пышақтап тастаған. Соның салдарынан ұлы көп ұзамай жан тапсырған.
Жетісу облысы полиция департаменті қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
«Мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Заңнамада көзделген қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер кешені орындалуда», делінеді хабарламада.
Қазір тергеу барысы Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының ерекше назарында.
Полиция департаменті тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.