Тауда қауіпсіз демалу үшін қандай ережелерді білу керек

Тауда қауіпсіз демалу үшін қандай ережелерді білу керек
Фото: pexels.com

Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары таулы аймақтарға шығатын азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, таудағы ауа райы құбылмалы болғандықтан, тіпті жеңіл бағыттың өзі дайындықсыз адам үшін қауіпті болуы мүмкін.

Құтқарушылар тауға шығар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, демалыс орындары мен кері қайту бағыттарын анықтап алуға кеңес береді. Сондай-ақ ауа райы болжамын тексеріп, жақындарыңызға қайда бара жатқаныңызды және қашан оралатыныңызды хабарлау маңызды.

Бұдан бөлек, ыңғайлы әрі жылы киім киіп, өзіңізбен су, жеңіл ас, дәрі қобдишасы және навигация құралдарын алу қажет. Мамандар тауға жалғыз шықпауға және тек белгіленген соқпақ жолдармен жүруге шақырады.

«Күш-қуатты дұрыс есептеп, уақтылы демалып отыру керек. Жолды қысқартамын деп қауіпті аймақтарға бармаған жөн», – дейді құтқарушылар.

ТЖМ өкілдерінің айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау таудағы демалысты қауіпсіз әрі жайлы етеді.

Бұдан бұрын Ақордада әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табысталғанын жазған едік.