Мәдениет саласын цифрландыру: Музей қоры онлайн қолжетімді, Qazaq Culture жобасы сегіз тілде жұмыс істейді
Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мәдениет саласына цифрлық шешімдерді енгізу жұмысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Комитет басшысының айтуынша, сегіз тілде жұмыс істейтін Qazaq Culture платформасы Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған. Ал E-Museum виртуал желісі еліміздегі 286 музейдің дерегін біріктіріп, 65 мыңнан астам жәдігер мен 750-ге жуық 3D артефактіні қамтиды.
«Портал арқылы музей қорлары онлайн қолжетімді болып, жасанды интеллект көмегімен экспонаттарды автоматты сипаттау, аудару және іздеу мүмкіндігі енгізіліп жатыр. Кино саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, кассаға түсетін қаражатты толық цифрландыруға және нақты уақыт режимінде есеп жүргізуге бағытталған «е-Кино» жүйесі кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр», - деді Шерхан Талап.
Еске сала кетсек, бүгін елімізде «Музей түні» акциясы өтеді.