Түркістан облысының диқандары қауынның алғашқы өнімін жинай бастады

Бүгін, 12:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Түркістан облысының диқандары қауынның алғашқы өнімін жинай бастады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Түркістан облысының Жетісай ауданындағы шаруалар биылғы алғашқы қауын өнімін жинай бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

«Әл-Фараби» шаруа қожалығы К-34 канал арқылы су алады. Диқан егіс алқаптарына судың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз еткені үшін жергілікті «Қазсушар» филиалына алғыс білдірді. Жалпы алғанда егіс алқабынан 65 тонна өнім жиналды.

«20 гектар жерге қауын ектік. Су жеткілікті болды, ешқандай тапшылық көрген жоқпыз. Су үздіксіз берілді. Уақытылы суарудың арқасында мол әрі ерте өнім алып отырмыз. Атқарылған жұмыс үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне ризашылығымызды білдіреміз», — деді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Анарбайұлы.

Жыл басынан бері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне 1 млрд текше метрден астам су берілген. Оның 293 млн текше метрі Жетісай ауданына тиесілі. Ауданда бақша дақылдарын суаруға 49 млн текше метр су жіберілді. Бақша дақылдарын суару жұмыстары жалғасып жатыр.