Халық қатысатын бюджет: Астанада заманауи аула тұрғындар игілігіне берілді

Халық қатысатын бюджет: Астанада заманауи аула тұрғындар игілігіне берілді
Фото: Василий Крась

Елорданың «Алматы» ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Ғабиден Мұстафин көшесі, 5/1 мекенжайында орналасқан үшінші күрделі абаттандырылған аула пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz

2026 жылға арналған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының қорытындысы бойынша аталған мекенжайда орналасқан тұрғын үй тұрғындары «100+ пәтер» санатында 2-орын иеленген. Соның нәтижесінде биыл аула аумағында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Салтанатты іс-шараға «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тасболат, Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Өмірзақов және аудан тұрғындары қатысты.

Аулада тұрғындардың жайлы демалысына арналған инфрақұрылым толық жаңартылды. Атап айтқанда, аумаққа жаңа асфальт төселіп, кеспетаспен жабдықталған тротуарлар салынды. Сондай-ақ бордюрлер мен палисадтар жаңартылып, балалар алаңына заманауи ойын кешендері мен шағын сәулеттік нысандар орнатылды. Алаңға тартан жабыны төселіп, көгалдандыру жұмысы жүргізілген.

Бұдан бөлек, аулада workout элементтері бар заманауи спорттық-жаттығу аймағы жабдықталып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.

Балаларға арнап аниматорлар қатысқан мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар табысталды.

Іс-шарада алғашқы болып сөз алған «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тасболат тұрғындарды ауланың жаңартылуымен құттықтады.

«Құрметті тұрғындар! Игіліктеріңізге беріліп жатқан жаңартылған аулада балаларыңыз асыр салып ойнап, өсіп-өне беріңіздер. Осы ауладан болашақта еліміздің туын биікке көтеретін спортшылар шықсын. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын», – деді Мақсат Тасболат.

Өз кезегінде Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Өмірзақов бастамашыл топқа алғысын білдірді.

«Бұл жай ғана территория емес, бұл – бірінші кезекте отбасы мүшелері көршілердің ортасында тамаша кештерді бірге өткізуге, балалардың бос уақытын қызықты өткізуіне арналған бірден-бір орын. Ауланы жаңғыртуға зор үлес қосқан бастамашыл топқа, мердігер ұйымға, аудан әкімдігіне алғыс білдіреміз», – деді Азамат Өмірзақов.

Тұрғындар атынан сөз алған МИБ мүшесі, еңбек ардагері Хамит Хайдарұлы:

«Бұл бағдарламаға іліккен кезде біз ауламыздың қандай болатынын елестете де алмадық. Енді көріп тұрғанымыздай, ауламыз керемет болып түлеп шыға келді. Мұның өте тиімді бағдарлама екеніне көзіміз жетті. Біздің жобамыз бойынша ауламызға сапалы жұмыс жүргізілді. Аудан әкімдігіне, бастамашыл топқа рақметтен басқа айтарымыз жоқ», – деді ол көпшілік алдында.

Ал осы тұрғын үйде 24 жыл тұрып жатқан Алтынай Келгешова ауланың адам танымастай өзгергенін айтады.

«Көршілердің береке-бірлігі жақсы. Осы аумақ өзімізге ерекше ұнайды. Кешкілік құстар сайрап тұрады. Ауламыз жаңартылғаннан кейін бұл жер тіптен бөлекше әсер беріп жатыр. Басқа ауданға көшпекші болып жүрген көршілеріміз аула жаңарғаннан кейін ойын өзгертіп, осында қалатын болды. Осы игілікті іске атсалысқандардың бәріне ризашылығымыз зор», – деді Алтынай Келгешова.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, «Алматы» ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан барлық ауланы 1 маусымға дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елорданың «Алматы» ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Абылай хан көшесі, 12/2 мекенжайында да күрделі абаттандырылған кезекті ауланың салтанатты ашылуы өткен болатын.