Қазақстанға Ташкенттен әкелінген шырайгүл партиясы кері қайтарылды
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы залалданған өнімді тасымалдау фактісін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фитосанитарлық бақылау барысында Өзбекстан Республикасының Ташкент облысынан Қазақстан аумағына карантиндік нысан – арамсояумен залалданған 5 100-ден астам шырайгүл гүлі әкелінгені белгілі болды.
«Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өнімді кері қайтару туралы акт рәсімделіп, залалданған гүлдер кері қайтарылды», - делінген министрлік хабарламасында.
Қабылданып жатқан шаралар ел аумағына карантиндік зиянды организмдердің жеткізілуі мен таралуының алдын алуға, фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға бағытталған.
Еске сала кетейік, Түркістан облысының диқандары қауынның алғашқы өнімін жинай бастады.