Абай облысында балабақша қызметкерлерінің дербес деректері тараған
Курчатов қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласына жүргізілген талдау барысында қаладағы балабақшалардың бірінде 75 қызметкердің жеке мәліметтері таралғанын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Анықталғандай, білім беру мекемесі қызметкерлерді мерзімдік медициналық тексеруден өткізу бойынша конкурс жариялау кезінде ашық қолжетімділікке олардың толық сауалнамалық деректерін, ЖСН нөмірлерін және өзге де құпия ақпаратты қамтитын тізімді орналастырған.
Қолжетімділігі шектеулі ақпаратпен жұмыс істейтін тұлғалар оның құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, дербес деректерді азаматтың келісімінсіз немесе заңды негізсіз таратуға жол берілмейді, делінеді хабарламада.
Прокуратура мәліметінше, мекеме басшылығы тарапынан бұл талаптардың сақталмауы азаматтардың жеке ақпаратының заңсыз мақсаттарда пайдаланылу қаупін туғызған.
Қадағалау органының араласуынан кейін заң бұзушылықтар жойылып, кінәлі лауазымды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Оған 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Абай облысының прокуратурасы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.