Бокс: Қазақстан чемпионатының өтетін уақыты өзгерді

Бокс: Қазақстан чемпионатының өтетін уақыты өзгерді
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының мерзімі өзгерді. Бастапқыда 24 қазан – 1 қараша аралығына жоспарланған жарыс Тараз қаласында 30 қазан – 6 қараша күндері өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Айта кетейік, 24 қазан – 1 қараша аралығында Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Алайда Қазақстан бокс федерациясы ел біріншілігінің мерзімі неліктен өзгергені туралы ресми түсініктеме берген жоқ.

Қазіргі мәлімет бойынша, алдағы жарысқа Азия ойындарының жүлдегерлері Махмуд Сабырхан, Төрехан Сабырхан және Айбек Оралбай қатыспайды. Сондай-ақ Нұрбек те уақытша үзіліс алуды ұйғарған. Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова мен Наталья Богданова ел чемпионатында бақ сынамайды. Қалған боксшылар жарысқа қатысуы тиіс.

Сонымен қатар Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы Сәкен Бибосынов жаттығу кезінде омыртқасын жарақаттап, ауруханаға түсті. Осыған байланысты ол да Қазақстан чемпионатына қатыспауы мүмкін.

Еске салайық, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстанның бокс құрамасы бес медаль жеңіп алды. Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) мен ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) алтын медаль иеленді.