Елімізде интернет-алаяқтық үш жылда 40 пайызға азайды

Елімізде интернет-алаяқтық үш жылда 40 пайызға азайды
Фото: pexels.com

Қазақстанда соңғы үш жылда интернет-алаяқтық саны 40 пайызға азайып, мұндай қылмыстарды ашу көрсеткіші 29,9 пайызға өсті. Сонымен қатар алаяқтыққа байланысты 117 млрд теңгеден астам қаражат бұғатталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкіметтің мәліметінше, елімізде азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау үшін цифрлық қауіпсіздік жүйесі жетілдіріліп, заңнамалық шаралар күшейтілген.

Атап айтқанда, Ұлттық банктің Антифрод-орталығы арқылы күмәнді қаржы операцияларын анықтау және бұғаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде соңғы жылдары алаяқтардан зардап шеккен азаматтарға миллиардтаған теңге қайтарылған.

Сондай-ақ дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл – алаяқтық жолмен алынған ақшаны аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін өз банк шоттарын басқа адамдардың пайдалануына беру сияқты әрекеттерге қатысты.

Цифрлық деректерді қорғау шаралары күшейтілді

Ресми ақпаратқа сәйкес, азаматтардың дербес деректерін қорғау конституциялық деңгейде бекітілген.

Медициналық, банктік және басқа да маңызды мәліметтер сақталатын дерекқорларға қол жеткізу үшін міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілген. Ал ұйымдарға дербес деректердің таралып кеткені туралы азаматтарды хабардар ету міндеті жүктелген.

Сонымен қатар Еңбек кодексіне қызметкерлерді кибергигиенаға оқытуға қатысты нормалар енгізіліп, маңызды нысандардың киберқауіпсіздігін бақылау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген.

Алаяқтардан қорғануға қандай тегін сервистер көмектеседі?

Қазақстандықтар жеке деректері мен қаржысын қорғау үшін бірнеше цифрлық қызметті пайдалана алады.

Соның бірі – eGov Mobile қосымшасындағы «Стопкредит» сервисі. Ол азаматтарға өз атына банктік қарыздар мен микрокредиттер рәсімдеуге ерікті түрде тыйым қоюға мүмкіндік береді. 2026 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, бұл қызмет 6,3 миллион рет пайдаланылған.

Бұдан бөлек, eGov арқылы дербес деректерді өңдеуге берілген келісімдерді тексеріп, оларды кері қайтарып алуға болады.

Ал NomadGuard сервисі деректердің таралып кету қаупін тексеруге және фишингтік қауіптерді анықтауға арналған. eGov пен CitizenSec платформаларында киберсауаттылықты арттыруға бағытталған оқыту материалдары да қолжетімді.

Мамандар азаматтарға SMS арқылы келген растау кодтарын, құпиясөздерді және банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерді ашпау және жеке аккаунттарда екі факторлы аутентификацияны қосу ұсынылады.

Бұған дейін ҚМА Семейде дропперлік схемаға қатысы бар алты студентті анықтағаны хабарланған еді.