ҚМА Семейде дропперлік схемаға қатысы бар алты студентті анықтады

ҚМА Семейде дропперлік схемаға қатысы бар алты студентті анықтады
Фото: pexels.com

Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті дропперлерді іздеп, олардың банк шоттарын ақша аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланған адамдар тобының заңсыз әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Семей қаласында жергілікті университеттің алты студенті анықталып, олардан жауап алынған.

Тергеу деректеріне сәйкес, студенттерге тиесілі банк карталары ақша қабылдау үшін пайдаланылған. Кейін қаражат бірнеше бөлікке бөлініп, басқа шоттарға аударылған. Осылайша, ақшаның шығу тегін жасырып, қаржы ағынын бақылауды қиындатуға және кейін оны қолма-қол ақшаға айналдыруға мүмкіндік жасалған.

ҚМА мәліметінше, студенттердің бірінің шотына 25 азаматтан 16 млн теңгеден астам қаражат түскен.

Ақша аударған азаматтардың интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстық істер бойынша жәбірленушілер екені анықталды. Олар еліміздің 11 өңірінде тұрады.

Атап айтқанда, жәбірленушілер Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Жамбыл және Алматы облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларынан анықталған.

«Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Алматыда заңсыз интернет казино ұйымдастырғандардың ұсталғаны хабарланған еді.