Астанада бокстан жасөспірімдер арасында чемпионат басталды
Елордада 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында «Балаларды қорғау күніне» арналған Астана қаласының бокстан чемпионатының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жарысқа шамамен 80 жас спортшы қатысып отыр. Қатысушылар қатарында №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері және жергілікті жеке меншік клубтардың спортшылары бар. Чемпионат Aspan спорт кешенінде өтуде.


«Бүгін 1 маусым – Балаларды қорғау күніне арналған кіші жасөспірімдер арасында Астана қаласының ашық біріншілігін өткізіп жатырмыз. Жарыс 5 күнге созылады. Қатысушылар 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Ең мықтылары күзде өтетін аймақтық Қазақстан біріншілігіне жолдама алады, оны жеңгендер Қазақстан чемпионатына баратын болады. Айта кетейік, бүгінгі жарыс World Boxing халықаралық федерациясының ережесі бойынша өтеді. Жарыс Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр», - деді №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрболат Ырысмағамбетов.


Сондай-ақ Ташкентте бокстан өткен Азия чемпионатында топ жарып, чемпион атанған елордалық былғары қолғап шеберлері Нұрислам Бактубаев пен Сағым Сабыржан жарыстың құрметті қонағы болды. Олар жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Бұл турнир олар үшін маңызды кезең, сондықтан оларға үлкен сәттілік тілеймін, көп чемпиондар шықсын. Бізден озып, әлем, Олимпиада чемпиондары атансын. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, тәртіпсіз ешкім чемпион бола алмайды. Сондай-ақ, ата-аналарын тыңдап, олардың үмітін ақтауларына тілектеспін», - деді Нұрислам Бактубаев.

«Бүгінгі жарыс – мына жас боксшылардың алғашқы қадамы, барлығы осыдан басталады. Осы жолдан таймай бапкерді тыңдап, дұрыс режимді сақтап, тәртіпті ұстану қажет. Себебі олар жеңіске апаратын жолдар. Менің кеңесім - ешқашан берілмеу керек, сосын әрине мінез керек. Әрқашан бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу де маңызды», - деген тілегін білдірді Сағым Сабыржан.




Еске салсақ, елордалықтар бокстан Азия чемпионы атанған Нұрислам Бактубаевты пен Сағым Сабыржан әуежайдан қарсы алған болатын.