Елордалықтар бокстан U15 санатындағы Азия чемпионы Нұрислам Бактубаевты қарсы алды
Бүгін елордалықтар халықаралық әуежайдан Ташкент (Өзбекстан) төрінде өткен бокстан U15 санатындағы Азия чемпионатында топ жарып, Азия чемпионы атанған елордалық былғары қолғап шебері Нұрислам Бактубаевты ыстық ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Спортшыны № 3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Нұрболат Рысмағамбетов, Спортты дамыту дирекциясының бөлім басшысы орынбасары Асқар Шарипов және барлық спортсүйер елордалықтар күтіп алды.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, 22 мемлекет, 400-ден астам спортшы бақ сынаған Азия чемпионатына 50-ден астам қазақстандық спортшы қатысып, құрамамыз жалпы командалық есепте екінші орынды жеңіп алды. Оның ішінде елордалық 4 спортшының 2-уі - 15 жас санаты бойынша Нұрислам Бактубаев пен 17 жас санаты бойынша Сағым Сабыржан жеңіс тұғырына көтеріліп, чемпион болып оралды.
«Алғашқы тәрбиеленушіміз Азия чемпионатына қатысып, елге жеңіспен оралды. Спортшымыз Ташкентте өткен дүбірлі жарыста алдымен Иран боксшысымен, кейін Үндістаннан келген қарсыласымен, одан соң ташкенттік, яғни жергілікті боксшымен былғары қолғап түйістірді. Барлық кездесуде жеңіске жетіп, финалда қарсыласынан айқын басымдықпен үстем болып, Азия чемпионы атанды», - деді жаттықтырушы Әлімхан Мадияр.


Сондай-ақ U15 санатындағы Азия чемпионы Нұрислам Бактубаев өзін қарсы алып жатқан елордалықтарға жылы лебізін жеткізе отырып, жарыста алған әсерімен бөлісті.
«Алдымен, Астана бокс федерациясына көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғысымды білдіремін.
Сондай-ақ, кикбоксинг клубындағы әріптестерім тарапынан да үлкен қолдау көрсетілуде. Онымен қоса бізді ыстық ықыласпен қарсы алған спортшылардың ата-аналарына, маған әрдайым жігер беретін жанкүйерлеріме және бала кезімнен бастап дайындап, осындай жетістікке жетуіме үлес қосқандарға ризашылығым зор.
Жарыс ойдағыдай өтті, үнді қарсыласыммен жекпе-жек тартысты болса, алаң иесімен жекпе-жекте айқын басымдық таныттым деп ойлаймын. Ел үмітін ақтап, жеңіс қоржынына алтын медаль салғаныма қуанышым шексіз», - дедi чемпион.