Астанада Ақтөбе облысының креаторлары өз жобаларын таныстырды

Бүгін, 10:05
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Ақтөбе облысының креаторлары өз жобаларын таныстырды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Aqtobe Creative Days екі күндік жәрмеңкесі өтіп жатыр. Ақтөбе облысынан келген креативті индустрияның 100-ден астам өкілі 22 бағыт бойынша өз жобаларын ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Көрмені ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, ҚР Құрылтайы төрағасының орынбасары Дания Еспаева және Құрылтай депутаттары аралап көрді.

Жәрмеңкеде сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдары, жергілікті дизайнерлердің киім топтамалары, суретшілердің туындылары мен шығармашылық ұжымдардың жобалары қойылған.

Aqtobe Design бағдарламасы аясында жеті дизайнердің киім топтамасы көрсетіледі. Сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің шығармашылық жолы мен халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне арналған арнайы көрме ұйымдастырылған. Ал Book Market кітап алаңында жергілікті қаламгерлердің еңбектері ұсынылған.

Мәдени бағдарлама аясында театр қойылымдары, анимациялық фильм көрсетілімі, концерттер, композитор Серік Закарияның шығармашылық кеші және қолөнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Creative Aimaq жобасы өңірлердегі креативті индустрияларды қолдауды, отандық брендтерді көпшілікке танытуды және шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуды көздейді.