Happy Sun: Астанада Даун синдромы бар балалар арасында спорт фестивалі өтті

Happy Sun: Астанада Даун синдромы бар балалар арасында спорт фестивалі өтті
Фото: Ұйымдастырушылар

Астанада Даун синдромы бар балалар мен жастар арасында Happy Sun фестивалі екінші рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Биыл шараға 60 қатысушы тіркеліп, жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисі бойынша бақ сынады. Айта кетейік, Happy Sun фестивалі былтыр алдғаш рет өткізілді.

«Бірінші фестиваль бізге үлкен тәжірибе берді. Биыл сол тәжірибені іс жүзінде қолдандық. Спорт жарыстарын ұйымдастыру, төрешілердің жұмысы, қатысушыларға жағдай жасау және жалпы атмосфераны жақсартуға тырыстық. Шынымызды айтсақ, қатысушылардың саны бұдан да көп болуы тиіс еді. Алайда көптеген отбасы үшін елордаға келу және осында бірнеше күнге аялдау шығындары қиындық туғызды», – деді шараның ұйымдастырушысы Евгения Чеботаревская.

Екінші мәрте өткізіліп жатқан фестивальге Астана қаласынан бөлек, Алматы қаласы, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысынан да қатысушылар тіркелді.

«Елімізде толыққанды жарыстар өткізу арқылы спортшылардың деңгейін объективті бағалап, мықты құрам жасақтауға болады. Happy Sun-ның негізгі мақсатының бірі де осы. Бұл жүйе алғашқы нәтижесін де беріп үлгерді. Былтырғы фестивальден кейін іріктелген спортшылар Қазақстан құрамасының сапында Ыстанбұлдағы чемпионатқа қатысып, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Қазақстандық 20 спортшы 48 жүлде жеңіп алған», – деді Евгения Чеботаревская. 

Бүгінде фестиваль аясында жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисі қамтылған. Бұл спорт түрлерімен Даун синдромы бар балалар мен жастардың көбі айналысады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта дзюдо мен көркем гимнастиканы да қосуды жоспарлап отыр.

«Біздің мақсатымыз – бала спорт секциясына өзі келіп, дайындалған жаттықтырушыдан сабақ ала алатын жүйе қалыптастыру. Әр бала өзінің мүмкіндігін көрсетуге мүмкіндік алуы керек», – деп Евгения Чеботаревская өзінің жоспарымен бөлісті.

Айта кетейік, 5-6 қыркүйек күндері ұйымдастырылған спорт фестивалі Barys Arena мұз сарайы, Паралимпиадалық жаттығу орталығы және Қазақ ұлттық спорт университетінде өтті.