Елордалық студенттер «BIR TOLQYNDA» ашық дәрісіне қатысты
Астанада студент жастардың қатысуымен «BIR TOLQYNDA» ашық дәрісі ұйымдастырылды. Қатысушылар әлеуметтік желі арқылы алдын ала тіркеліп, арнайы іріктеуден өткен. Іс-шара Л.Гумилев атындағы ЕҰУ алаңында ұйымдастырылып, оған 100-ден аса студент қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«AMANAT» партиясының Жастар қанаты ұйымдастырған дәріс жастардың саяси белсенділігін көтеріп, қоғам мен ел болашағы, азаматтық жауапкершілік, заң мен тәртіп қағидаттары жайында кеңінен тануға мүмкіндік берді. Бұндай форматтағы дәрісті Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ жастармен еркін форматта өткізді. Қатысушылар тарапынан сұрақтар мен мәселелер, ал спикерлерден нақты кейске негізделген жауаптар мен шешімдер болды. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов жастарды қоғамдық өмірге белсенді араласуға және өз бастамаларын жүзеге асыруға шақырды.
Мәжілісі депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Айдос Сарым дәріс кезінде саясаттың жастар үшін маңыздылығына тоқталды.
«Саясат тек Мәжіліс мінбері немесе сайлау ғана емес. Саясат - сіздің өміріңізге тікелей әсер ететін шешімдер. Стипендия, жұмыс, баспана, білім, экономика, әлеуметтік әділдік - мұның бәрі саясатпен байланысты. Сондықтан жастардың саясаттан алыс болмауы өте маңызды. Бірақ саясатқа тек сыншы ретінде емес, жауапкершілікпен қарайтын, ел тағдырына үлес қоса алатын буын ретінде келуі маңыздырақ. «AMANAT» партиясы әрдайым жастарға мүмкіндік беріп келеді. Біздің мақсат – жастарды тек қолдау емес, оларды шешім қабылдай алатын, ой білдіре алатын тұлғаларға тәрбиелеу», – деді Айдос Сарым.
Кездесу барысында спикерлер студент жастармен еркін пікір алмасып, ел дамуына жастардың белсенді араласуының маңыздылығына тоқталды. Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ құқықтық сауаттылық, заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершіліктің рөлі туралы пікір білдірді.

Ал,«AMANAT» партиясы Жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова «BIR TOLQYNDA» алаңы аймақтарда түрлі форматта жалғасып жатқандығын айтты.
«Бұл – жай ғана кездесу немесе кезекті лекция емес. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге қызығушылық танытатын, өз орнын іздеп жүрген саналы жастардың алаңы. Бүгін мұнда елордамыздың оқу орындарынан 100-ден астам студент жиналып отыр. Жастар қанаты ұйымдастырып отырған «BIR TOLQYNDA» ашық дәрістері мен диалог алаңдары еліміздің барлық өңірінде өткізілуде. Атап айтқанда, кездесу Алматы облысы, Талғар қаласындағы колледжде ұйымдастырылды. Ал, уақытта кездесулер Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті қабырғасында ертең жалғасын таппақ. Дәл осылай 3 қала мен 17 облысты қамтитын кешенді шараларды өткізу жоспарда бар», – деді Ақерке Искандерова.
Сонымен қатар, дәріс кезінде белсенді болған студенттерге спикерлер өздерімен алып келген кітаптарды тарту етті. Айта кетеміз, жақында ғана Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Осылайша, «AMANAT» партиясының Жастар қанаты «BIR TOLQYNDA» аясында жастар мен саясаттанушылар арасында ашық диалог алаңын қалыптастыру, олардың бастамаларын қолдау және қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асыратын болады.
