Павлодарда «Астана Опера» гастролі аншлагпен өтті

Павлодарда «Астана Опера» гастролі аншлагпен өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Астана Опера» театрының Павлодар қаласындағы гастролі аншлагпен өтті. Елордалық театр ұжымының бағдарламасын шамамен 2 мың көрермен тамашалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Естай атындағы қалалық Мәдениет сарайының сахнасында павлодарлық көрерменге Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» операсы ұсынылды. Қойылымға театрдың солистері, оркестрі, хоры және миманс әртістері қатысты.

Гастрольдік бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдер аудиториясына ерекше көңіл бөлінді. Жас көрермендер үшін «Музыка сурет салып, әңгімелейді» циклынан интерактивті форматта танымдық концерт өтті. Қатысушылар әлемдік және қазақ музыкалық классикасының туындыларымен танысты.

Концерт бағдарламасына халық әні «Аққурай», Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармасы, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі, сондай-ақ Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні енді. Осылайша, гастрольдік сапар академиялық өнерді, ағартушылық бағытты және ұлттық музыкалық мұраны кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Іс-шара аясында Мәдениет сарайының фойесінде тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылды.

Бұған дейін 1 164 қойылым қойып, 306 мың көрермен жинаған Астана театрларының табысты маусымы туралы жазғанбыз.