Астана театрларының табысты маусымы: 1 164 қойылым, 306 мың көрермен
27 наурыз – Халықаралық театр күні. Бұл – тек мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесі емес, сонымен қатар қоғам мен өнер арасындағы байланысты нығайтатын маңызды дата. Elordainfo.kz тілшісі көрермен сұранысын арттырып отырған Астана театрларының тынысы мен жетістіктері туралы деректі оқырман назарына ұсынады.
Бүгінде Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты 7 театр жұмыс істейді. Олар: «Жастар театры», «Наз» мемлекеттік би театры, Қуыршақ театры, М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры, Музыкалық жас көрермен театры және «Қанаттылар» инклюзивті театры.

2025 жылдың басынан бері елордалық театрлар 1 164 қойылым сахналады, оның 17-сі – премьера.
Мәдениет басқармасының мәліметінше, көрерменнің театрға деген қызығушылығы айтарлықтай артып, театрларға келушілер саны 30 пайызға өсіп, 306 995 адамды құрап отыр. Қазіргі таңда театрлардың репертуарында 199 қойылым бар: оның 88-і отандық, 94-і шетелдік авторлар шығармалары бойынша сахналанған. Сонымен қатар 75 қойылым балаларға, 124-і ересек көрерменге арналған.

Елорда театрлары шығармашылық жетістіктерімен де ерекшеленіп келеді. Музыкалық жас көрермен театры Дулат Исабековтің «Гауһартас» музыкалық драмасын 300-ге жуық рет сахналап, Қазақстан мен Еуразия кеңістігінде рекордтық көрсеткішке жетті. Қойылым «UMAI-2023» ұлттық сыйлығында «Ең үздік спектакль» атанды.

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында 2024 жылы Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэтикалық драмасы қойылып, «Ticketon Awards-2024» нұсқасы бойынша «Жылдың үздік спектаклі» атанды. Ал 2025 жылы осы театрда Табылды Досымовтың «Сәйгүлік» музыкалық драмасының премьерасы өтіп, «STEPPE AWARDS 2025» марапатында «Жылдың үздік спектаклі» аталымын иеленді.

М. Горький атындағы театрда сахналанған «Әлия» қойылымы батыр Әлия Молдағұлованың ерлігі арқылы патриотизмді дәріптесе, Музыкалық жас көрермен театрында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Мәншүк Мәметова туралы «Мәншүк» музыкалық драмасы көрерменге жол тартты.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ә. Мәмбетов театры «Армандар орындалады» жобасын ұсынып, түрлі сала өкілдерінің өмірін сахналады. Бұл бастама еңбек адамдарының шығармашылық әлеуетін көрсетуге бағытталды.
Сонымен қатар елордалық театрлар жаңа технологияларды да игеруде. Әзірбайжан Мәмбетов театры жасанды интеллект көмегімен жасалған «Жылы мұң» спектаклін ұсынды.
Халықаралық мәдени байланыстар да қарқынды дамып келеді. 2025 жылы Құралай Ешмұратованың 80 жылдығына арналған «Құралай» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті.
Қоғамдағы өзекті мәселелер де театр сахнасынан көрініс табуда. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Независимые», «S.O.S», «Екі ғұмыр», «Соңғы аялдама», «Жылы мұң» сияқты қойылымдар көрерменге ұсынылды.

Сондай-ақ Наурызнама онкүндігі мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына орай «Қажымұқан» тарихи драмасының премьерасы сахналанды.
Халықаралық театр күні – театрдың қоғамдағы рөлін айқындайтын, өнердің адамзат өміріндегі маңызын дәріптейтін ерекше мереке. Аталған мереке 1961 жылы Халықаралық театр институтының бастамасымен бекітілген. Бұл күн елорда театрлары үшін де жаңа идеялар мен шығармашылық ізденістерге серпін беретін маңызды белес болып қала береді.
Бұған дейін «Астана Опера» репертуары жаңа қойылыммен толыққанын жазған болатынбыз.