Астанада жас футболшылар арасында «Жасыл белдеу» турнирі өтті
Астанада «Жеңіс» футбол клубы алғаш рет өз серіктес мектептері арасында «Жасыл белдеу» балалар турнирін өткізіп, елорданың әртүрлі аудандары мен қала маңындағы жас футболшыларды бір арнаға тоғыстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жарысқа қала шетіндегі («Көктал-1», «Көктал-2», «Өндіріс») және жақын маңдағы елді мекендерден – Қосшы, Жібек жолы, Мичурино, Талапкер, Алтынсарин, Қажымұқан және Қараөткел ауылдарынан шамамен 1000 бала қатысты. Іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша турнирдің финалдық бөлігіне ең үздік 400 қатысушы жолдама алды.


Жобаның басты мақсаты – тек балалар футболын дамыту ғана емес, сонымен қатар оқушылар арасындағы әлеуметтік байланыстарды нығайту, қарым-қатынас орнатуға, достыққа және тәжірибе алмасуға жағдай жасау. Сонымен бірге турнир аясында білім беру мекемелерінің басшылары өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасты.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты «Астана Арена» стадионында, Жеңіс – Қайрат матчының үзілісінде өтті. Көптеген балалар үшін бұл ірі футбол аренасына алғаш рет келуі болып, ерекше әсер мен ұмытылмас естелік сыйлады.