Қазақстан мен Камбоджаның үкіметтік делегациялары сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Астанаға алғашқы ресми сапармен келген Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манетпен келіссөздер жүргізді.
Қазақстан Камбоджаны Оңтүстік – Шығыс Азиядағы маңызды және сенімді серіктес ретінде қарастырады.
Үкіметтік делегациялар сауда және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықтың әлеуетін ашу шараларын талқылады.
Агроөнеркәсіп және көлік-логистикалық кешендердегі, цифрландыру мен жасанды интеллекттегі, сондай-ақ туристік және гуманитарлық байланыстарды дамыту саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Тауар номенклатурасын кеңейту және іскер топтар арасында жаңа тікелей байланыстар орнату бағыттары айтылды. Камбоджаның қаржы және іскерлік қоғамдастығының өкілдері бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өңірде инвестициялық қатысуды кеңейту үшін АХҚО мүмкіндіктерін пайдалануға шақырылды.
Агроөнеркәсіп кешенінде Премьер-министр Олжас Бектенов Камбоджа нарығына қазақстандық дәнді дақылдарды, өсімдік майларын, ет және ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу өнімдерін жеткізуге қызығушылық білдірді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және сақтау, заманауи ирригациялық технологияларды енгізу және аграрлық кооперацияны дамыту саласындағы бірлескен жобалардың перспективалары қаралды.
Көлік-логистика саласында Транскаспий халықаралық көлік бағытын Қытай – Лаос – Вьетнам – Камбоджа дәлізімен ұштастыру мүмкіндіктері талқыланды. Бұл бастама Оңтүстік – Шығыс және Орталық Азия арасындағы көлік байланыстарын кеңейтуге және еуропалық нарықтарға жүктерді жеткізу үшін қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Екіжақты әріптестіктің перспективалы бағыттарының ішінде цифрландыру және жасанды интеллект, туризм салалары да аталған.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан – Камбоджа қатынастарын одан әрі дамытуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша бірлескен бастамаларды практикалық жүзеге асыруға дайындық расталды.