«Албарбөгет» бөгетіне көпфакторлы тексеру жүргізіліп жатыр - министрлік

«Албарбөгет» бөгетіне көпфакторлы тексеру жүргізіліп жатыр - министрлік
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясының мамандары мен «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңесте өңір тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселелер қаралды. Әсіресе судың «қара нарығына» қарсы күреске ерекше назар аударылды.

«Министрлік құрылғаннан бері бассейндік инспекциялардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Қызметкерлер саны арттырылып, барлық облыс орталығында бөлімшелер ашылды. Инспекторлардың функцияларын кеңейтуді көздейтін жаңа Су кодексі қабылданды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Сондықтан өңірдегі су ресурстарына қатаң бақылау орнату қажет. Азаматтардың өтініштері де жедел қаралуға тиіс», - деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Кеңес қорытындысы бойынша Тобыл-Торғай бассейндік су инспекциясының, «Қазсушар» РМК-ның, сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты жауапты комитеттер мен департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК-ның Қостанай филиалына да барып, кәсіпорынның жұмыс орындарын аралап көрді және қызметкерлерімен әңгімелесті.

Одан кейін министр Жангелдин ауданындағы «Албарбөгет» бөгетінің жұмысымен танысты. Еске сала кетейік, биыл нысанды реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Жоба жақын маңдағы елді мекендерді су басудан қорғауға және мал шаруашылығын жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта «Албарбөгет» бөгетіне көпфакторлы тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша гидротехникалық құрылыстың қауіпсіздік декларациясын әзірлеу жоспарланып отыр.

Нұржан Нұржігітов Ашутасты ауылдық округінде Ашутасты су қоймасының жұмысымен де танысты. Сыйымдылығы 5 миллион текше метр болатын нысан Арқалық қаласын сумен қамтамасыз етеді. Келесі жылы су қоймасына көпфакторлы тексеру жүргізу жоспарланған.