29 қазанда Астана қаласындағы «Жастар сарайында» қазақ тіліндегі «КітапХан» әдеби YouTube-шоуының алғашқы концерті өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«КітапХан» - қазақстандық және әлем әдебиетінің шығармаларын заманауи форматта талқылайтын қазақтілді жоба. Шоу барысында қатысушылардың бірі әдеби шығарманы таныстырып, мазмұнын баяндайды. Одан кейін жоба резиденттері шығарма кейіпкерлерін, олардың әрекеттерін, автордың идеясы мен көтерген мәселелерін талқылап, өз көзқарастарын ортаға салады.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі - қазақ тілінің бай сөздік қорын кеңінен қолдану. Бағдарлама барысында көркем әдебиетке тән сөздермен қатар, көнерген сөздер, архаизмдер мен диалектизмдер де қолданылады. Осы арқылы «КітапХан» көрерменді әдеби шығармалармен таныстырып қана қоймай, қазақ тілінің байлығы мен көркемдігін кеңінен насихаттауға үлес қосып келеді.
«КітапХан» авторлары дәстүрлі кітап клубының форматын жаңаша пайымдап, оны әдебиет, әзіл, пікірталас және заманауи медианы тоғыстырған зияткерлік-ойын-сауық шоуына айналдырды.
Бүгінде «КітапХан» - еліміздегі креативті индустриялардың дамуын көрсететін жарқын жобалардың бірі. Классикалық әдебиет пен заманауи цифрлық технологиялардың тоғысында қалыптасқан жоба кітап пен әдебиетті жаңа аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта ұсына отырып, дербес медиажобаға айналып отыр.
Сонымен қатар «КітапХан» тек ойын-сауық бағытындағы YouTube-контентпен шектелмейді. Жобаның маңызды әлеуметтік миссиясы - қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, әсіресе жастар арасында оқу мәдениетін қалыптастыру және қазақ тіліндегі әдебиетті кеңінен насихаттау.
29 қазанда өтетін алғашқы концерт «КітапХан» жобасының дамуындағы жаңа кезең болмақ. Осы уақытқа дейін көрерменге цифрлық кеңістіктен таныс формат енді үлкен сахнаға шығып, аудиториямен тікелей жүздеседі.
Өтетін орны: Астана қаласы, «Жастар сарайы».