Олжас Бектенов: Бюджеттің кірісі мен шығысындағы айырмашылықты азайтуға тырысамыз

Олжас Бектенов: Бюджеттің кірісі мен шығысындағы айырмашылықты азайтуға тырысамыз
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Құрылтай отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов депутат Наталья Годунованың 2027 жылғы республикалық бюджет тапшылығының көрсеткіші туралы сауалына жауап бере отырып, Үкімет мемлекеттік қаржыны жүйелі түрде нығайту, сондай-ақ бюджеттің қарыздар мен трансферттерге тәуелділігін төмендету бағытын ұстанып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр бюджет жыл сайын үш жылдық кезеңге әзірленетінін, ал екінші және үшінші жоспарлы жылдардың параметрлері өзекті макроэкономикалық болжамдарды, сыртқы экономикалық конъюнктураны және мемлекеттің кірістері мен шығыстарына әсер ететін басқа да факторларды ескере отырып нақтыланатынын атап өтті. Бұл тәсіл орта мерзімді перспективадағы фискалдық саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға және сонымен бірге экономикалық жағдайдың өзгеруін ескеруге мүмкіндік береді.

«Бюджет тапшылығын қысқарту – Үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі: солай болды, солай болып қала береді. Біз әрқашан бюджеттің кірістері мен шығыстары арасындағы айырмашылықты мүмкіндігінше азайтуға тырысамыз. Бұл мақсатқа екі бағыт бойынша қол жеткізіледі: бюджет кірістерін ұлғайту және шығыс бөлігін оңтайландыру қажет. Осы екі бағыт бойынша да жұмыс жүргізілуде», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына және 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлеріне сәйкес 2027 жылы тапшылық 4,6 трлн теңгені немесе ЖІӨ-ге шаққанда 2,3%-ды құрайды. 2029 жылға қарай 1 трлн теңгеге немесе ЖІӨ-ге 0,4%-ға дейін төмендету жоспарлануда. Бұл ретте өткен жылғы болжаммен салыстырғанда 2027 жылға тапшылық 3,7 трлн теңгеден 4,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Бюджет тапшылығын қысқарту және мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету аясында Үкімет бірқатар шаралар кешенін көздеп отыр. Атап айтқанда, экономикалық өсім, салық базасын кеңейту, салық реформасын жүзеге асыру және салықтық әрі кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру есебінен кіріс базасын нығайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру үшін қолданыстағы бюджеттік бағдарламаларға жан-жақты ревизия жүргізіліп, тиімсіз мемлекеттік шығыстардан арылу көзделуде.

Сонымен қатар Үкімет белгіленген бюджеттік шектеулерді сақтауды, Ұлттық қор қаражатын пайдалануға қатысты теңгерімді тәсілді қамтамасыз етуді және мемлекеттік қарыз алу құнын ескеруді жалғастырады.

«Бюджеттің тапшылығын одан әрі де азайта түсу үшін жұмыс істейтін боламыз», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске салсақ, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі өсу қарқыны бойынша тау-кен өндіру саласынан озатынын атап өтті.