Астана қаласындағы Өндіріс спорт кешенінде 25 қазан - Республика күніне орай «Жас сарбаз барысы» турнирі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Аталған іс-шараны «Жас сарбаз – намыс пен рух алаңы» жобасы аясында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жас сарбаз жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Астана қалалық филиалы» ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында ұлттық спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру.
Сайыстың арнайы қонақтары ретінде Астана қаласы әкімдігі, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, сонымен қатар спорт саласының майталмандары қатысты.
«Бүгін елордалық жас сарбаздар арасындағы «Жас сарбаз барысы» турнирі өтіп жатыр. Бұл - қазақ күресінен екінші рет өткізіліп отырған сайыс. Турнирде білім беру ұйымдары мен мектептерден келген 40-қа жуық палуан күш сынасады. Қатысушылар 2010-2011 жылы туғандар, салмақтары 80 келіден жоғары. Бүгін олардың арасынан түйе палуанды анықтап, жеңімпаз атанған қатысушы республикалық «Жас сарбаз барысы» турниріне жолдама алмақ. Сонымен қатар, бұдан басқа да жүлделі орындар сарапқа салынады», - деді «Жас сарбаз жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының Астана қаласы бойынша төрағасы Айдархан Махамбет.
Іс-шара ҚР Гимнімен басталып, құттықтау сөздермен, өнерпаздардың ән-күйімен салтанатты түрде ашылып, палуандардың күресіне кезек берілді.
«Республикалық медицина академиясынан келдім. Жасым 16-да. Күреске қатысқаныма 6-7 жылдай болып қалды. Бүгінгі сайыста жақсы күресіп, чемпион болуды мақсат етемін. Барлық қазақстандықтарды келе жатқан мерекеміз – Республика күнімен құттықтаймын», - деді турнир қатысушыларының бірі Илияс Кәкімов жарыс алдында.
Айта кетейік, ұйымдастырушылардың мәліметінше, елордалық жас сарбаздар арасында спорт іс-шарасымен қатар, әскери-патриоттық әндер сайысы да өтіп жатыр.






