Қазақстан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді қолдайды – Тоқаев

Бүгін, 16:09
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді қолдайды – Тоқаев
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» форматындағы салалық ведомстволардың екінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға келген Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунды, Қырғыз Республикасының Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековті, Тәжікстан Республикасының Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзоданы, Түрікменстанның Ішкі істер министрі Мұхаммет Хыдыровты және Өзбекстан Республикасының Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатовты қабылдады.

Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қылмыс пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, киберқауіпсіздік, экстремизммен және басқа да қазіргі сын-қатерлермен күрес мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері мен Қытайдың құқық қорғау органдары арасындағы ықпалдастықты арттыру өңірде тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтауда маңызды екенін атап өтті.

– Ұйымдасқан трансұлттық қылмыс тамыр жайып, аясын кеңейте түсті. Киберқылмыс табысы жоғары жаһандық индустрияға айналды. Бұл адамдарды миллиардтаған доллар шығынға ұшыратады. Цифрлық жүйені қылмыстық топтар өз қызметтерін үйлестіруге, табыстарын жылыстатуға, ешбір мемлекеттің шекарасына қарамайтын шабуыл жасауға жиі қолданады. Маңызды көлік және сауда бағыттары түйісетін Орталық Азия аймағына трансұлттық қылмыстық желінің қызығушылығы жоғары. Осы орайда, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және адам саудасына қарсы тұру мәселесі өзекті болып отыр. Күш-жігер біріктіру, ақпарат алмасу, институционалдық ықпалдастықты нығайту және заманауи технологияларды енгізу арқылы ғана бұл сын-қатерлерге қарсы тұра алатынымызға сенімдімін. Қазақстан қауіпсіздік саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуді дәйекті түрде қолдайды. Біз азаматтарымызды қорғау мен елдерімізді орнықты дамыту бағытындағы ашық диалогқа, үздік тәжірибелерді алмасуға және бірлесіп шешім қабылдауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, қылмыстық элементтердің өңірдегі ішкі тұрақтылықты бұзуына жол беруге болмайды. Бұл орайда жүйелі әрі батыл әрекеттер қажет.

– Қазақстан заң үстемдігін қамтамасыз етуді құқық қорғау қызметі ғана емес, мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыты ретінде қарастырады. Біз «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Аталған қағидат жаңа Конституциямызда елімізді одан әрі жаңғыртудың басты алғышарттарының бірі ретінде көрініс тапты. Маңызды міндеттердің бірі – ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топтардың қаржы ағынына тосқауыл қою. Экстремизм идеяларының таралуын, лаңкестік топтардың адамдарды интернет арқылы арбауын белсенді түрде әшкерелеп, террорлық актілерге астыртын әзірлік әрекеттерін алдын ала анықтаған жөн. Айтылған қатерлердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Оған тек жан-жақты, кешенді түрде күш-жігер біріктіре отырып төтеп бере аламыз. «Орталық Азия – Қытай» форматы елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өзара үйлесімді, нақты шешімдердің үлгісі болатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық және экономикалық тыныс-тіршіліктің онлайн кеңістікке ойысуы киберқауіпсіздік мәселесін мүлдем жаңа деңгейге көтерді деп санайды.

– Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс ешқандай шекараға бағынбайды. Азаматтарымызға, бизнеске және мемлекеттік органдарға зардабын тигізіп отыр. Гибридті және ақпараттық технологиялар жалған мәлімет, яғни, «фейк» тарату құралы ретінде қолданылады. Өшпенділік өртін үрлеп, алауыздық туғызады. Деструктивті элементтердің қолындағы жасанды интеллект ауыр салдарға әкеліп соғатын өте жойқын ақпараттық қаруға айналды. Заң талаптарына қайшы контент толассыз көбейіп жатыр. Осыған байланысты қазіргі ықпалдастық тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, киберқауіпсіздікке қарсы проактивті іс-қимылға көшу керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өңір елдерінің экономикалық ынтымақтастығын нығайту мен дамыту, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қауіпсіздік мәселесімен тығыз байланысты екенін айтты.

– Транскаспий халықаралық көлік бағыты еуразиялық логистиканың стратегиялық элементіне айналып келеді. Жаһандық сауда тізбегінің трансформациясына және геосаяси қысымның күшеюіне сәйкес оның маңызы еселеп артты. Сонымен қатар жүк тасымалын ұлғайтудың белгілі бір қауіп-қатерлері бар. Әңгіме трансұлттық қылмыс, соның ішінде контрабанда, есірткі, қару-жарақ тасымалы туралы болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өңірлік қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру үшін «Орталық Азия – Қытай» форматының әлеуетін пайдалану қажеттігін жеткізді.

– Менің ойымша, ішкі істер министрліктері бір-бірімен ынтымақтастықты күшейтіп, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп мәселелеріне қатысты ақпараттармен бөлісуге тиіс. Бұл халықтарымыздың арман-тілегіне толығымен сай келеді. Жұртшылық мемлекеттер басшыларынан өз елдерін тәртіпке келтіріп, қалыпты әрі қауіпсіз өмірге қолайлы жағдай жасау үшін аса шұғыл, тиімді шешімдер қабылдауды талап етіп отыр. Балаларымыз, жалпы халық ел басшыларының, ішкі істер министрлері мен басқа да ведомство жетекшілерінің заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын қабылдап жатқандарына көздері жетіп, өздерін қауіпсіз сезінуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Қытай Халық Республикасымен және Орталық Азия мемлекеттерімен өзара сенім, тату көршілік, ортақ жауапкершілік негізіндегі ынтымақтастықты ілгерілетуге ерекше мән беретінін жеткізді.

Кездесуге қатысушылар өзара байланыстарды жолға қоюға, жедел ақпарат алмасуға, кәсіби қарым-қатынастарды дамытуға және құқық қорғау органдарының қызметіне заманауи технологияларды енгізуге ниетті екендерін растады.

Президент аталған жиынның Орталық Азия мен Қытай аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша серіктестік пен ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

Еске сала кетейік, 20 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді.