Қазақстан гидрогеологтары АҚШ-та жерасты суын басқару технологиясын меңгеріп жатыр

Қазақстан гидрогеологтары АҚШ-та жерасты суын басқару технологиясын меңгеріп жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында қазақстандық гидрогеологтар АҚШ-тың жерасты суын басқару саласындағы озық тәжірибесімен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу Бойсе қаласында өтті. Қазақстандық мамандар Айдахо штатының Су ресурстары ғылыми орталығы жанындағы жерасты суы оқу орталығының жұмысымен, жерасты суын мониторингтеу жүйелерімен, сондай-ақ жерасты су көздерін модельдеу және қорғау әдістерімен танысты.

Сонымен қатар гидрогеология және жерасты су ресурстарын басқару мәселелері бойынша ғылыми кездесу, техникалық семинарлар мен тәжірибелік талқылау ұйымдастырылды. Барлық шығынды америкалық тарап өз мойнына алды.

«Бұл тәжірибе отандық гидрогеология мамандарының біліктілігін арттыруға, жерасты суын басқарудың заманауи технологиясын енгізуге және АҚШ сарапшыларымен кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді», - деді «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі басқарма төрағасының орынбасары Даир Ибраев.

Еске сала кетсек, су саласы мамандарының Қытайда біліктілігін арттыру бағдарламасы биыл да жалғасады.