Су саласы мамандарының Қытайда біліктілігін арттыру бағдарламасы биыл да жалғасады

Су саласы мамандарының Қытайда біліктілігін арттыру бағдарламасы биыл да жалғасады

Қазақстан су шаруашылығы мамандарының алғашқы легін біліктілікті арттыру курсынан оқу үшін Қытайға аттандырды. Оқу бағдарламасы «Қазсушар» РМК мен Power China International Group Limited компаниясы арасындағы меморандум, сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігі мен ҚХР Су шаруашылығы министрлігі арасындағы меморандум аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу Қытайдың Чанша қаласында өтіп жатыр. Барлық шығынды Қытай тарапы өз мойнына алған. Курстың негізгі тақырыбы – «Қазақстандағы су ресурстарын пайдалану және су ортасының ластануымен күрес». Алғашқы топ құрамында 34 маман бар. Жалпы жыл соңына дейін Қытайда шамамен 200 қазақстандық маман оқудан өтеді деп жоспарланған.

«Бағдарлама аясында су ресурстарын басқару, ластануының алдын алу және бақылау, ағын суды тазарту мен қайта пайдалану технологиялары, сондай-ақ гидротехникалық құрылыс саласында заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану бойынша дәрістер өткізу жоспарланған. Сонымен қатар мамандар Қытайдың су шаруашылығы және қалалық инфрақұрылым саласындағы тәжірибесін зерделеу үшін Чанша, Шэньчжэнь және Гуанчжоу қалаларына барады», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Еске салсақ, былтыр Power China компаниясының базасында 125 қазақстандық су маманы біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Нәтижесінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытай тарапы бірлескен білім беру бағдарламасын биыл да жалғастыруға келісті.

Еске сала кетсек, биыл «Қазсушар» техника паркіне алты жаңа кеме қосылады.