Күміс Сейітова: Жаңа форматтағы кітапханалық кеңістіктерді дамыту – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті міндеттердің бірі
ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Сейітова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қолдау білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазақстан Республикасы Президентінің кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығы – рухани даму мен интеллектуалды қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды тарихи қадам.
Ұлттық академиялық кітапхана бұл бастаманы толық қолдайды. Кітап оқу мәдениетін ілгерілету, ұлттық әдеби мұраны насихаттау, жаңа форматтағы кітапханалық кеңістіктерді дамыту – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті міндеттердің бірі.
Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттар кітапханалардың қызметін жаңа деңгейге көтеріп, оқырманға қолжетімді, заманауи әрі зияткерлік ортаны қалыптастыруға серпін береді деп сенеміз. Әсіресе, бірыңғай ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу және кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған ұлттық сыйлық тағайындау – сала дамуына тың серпін беретін маңызды бастамалар.
Ұлттық академиялық кітапхана алдағы уақытта да кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір ретінде елдің рухани-мәдени дамуына қызмет ете береді.
Кітап оқитын ұлт – бәсекеге қабілетті ұлт», - деді ол.