Конго-Қырым безгегі: қауіпті дерттен қалай қорғануға болады
Қазақстанның оңтүстік өңірлері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы. Бұл — кене шағуы немесе вирус жұқтырған жануарлармен жанасу арқылы таралатын аса қауіпті вирустық ауру, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, індет ауыр өтеді және кей жағдайларда өлім деңгейі 30 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Ауру әдетте жедел басталады: дене қызуы 39–40°C-қа дейін көтеріліп, әлсіздік, бұлшықет және бас ауруы байқалады. Кейін ішкі және сыртқы қан кетуі туындауы мүмкін, бұл науқастың жағдайын күрт ауырлатады.
«Бүгінгі таңда КҚГҚ-ға қарсы вакцина жоқ, сондықтан негізгі қорғану шарасы — профилактика. Қауіп тобында ауылдық аймақ тұрғындары, мал шаруашылығымен айналысатындар, медицина қызметкерлері және эндемиялық өңірлерде тұратын азаматтар бар», - делінеді хабарламада.
Мамандар тұрғындарға табиғатқа шыққанда репелленттер қолдануды, кене шағуына жүйелі түрде тексерілуді, жануарлармен жұмыс істегенде қорғаныс киім киюді және мал қораларын өңдеуді ұсынады.
Кене шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Кенені өз бетінше алып тастауға болмайды.
Еске салсақ, бұған дейін кенеден қорғану жолдарын жазғанбыз.